Алматыда Mudarabah Capital қаржы пирамидасын құру және басқару фактісі негізіндегі қылмыстық іс бойынша басты сот отырысы басталды.
Айыпталушылар қатарында 12 адам, оның ішінде вайнер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов бар. Тағы бір вайнер Әзімжан Саидбаевқа бұған дейін іздеу жарияланған болатын.
Айыптау қорытындысын оқып шыққан судья Кәмшат Саурова сотталушылардан "тағылған айыппен келісіп, кінәларыңызды мойындайсыздар ма?" - деп сұрады.
Қарсы тарап, соның ішінде Шерниязов пен Төребаев өз кінәсін мойындамайтынын жеткізді.
Бірнеше адам кінәсін жартылай ғана мойындады. Сот процессі әлі де жалғасуда.
Еске сала кетсек, қаржы пирамидасына қатысты іс былтыр басталған. Күдіктілер қатарында елге танымал үш вайнер бар. Олар 2022 жылдың басында қамауға алынған. Жуырда олар үйқамаққа шығарылды.