Төтенше жағдайда жедел шараларды жүзеге асыруға қатысты құжат қабылданды

748

Заң жобасы 14 саланы қамтыды. 

Төтенше жағдайда жедел шараларды жүзеге асыруға қатысты құжат қабылданды Фото: parlam.kz

Мәжілістің жалпы отырысында төтенше жағдай кезеңінде мемлекеттік басқарудың жұмыс істеу механизмін белгілейтін заң жобасы мақұлданды. 

Мемлекет басшысының 2020 жылғы 16 наурыздағы "Әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы" жарлығын орындау мақсатында әзірленген құжатта төтенше жағдай кезеңінде жедел шара қабылдау мүмкіндігі қарастырылған. 

"Заң жобасы арқылы "Төтенше жағдайлар туралы және құқықтық актілер туралы" заңдарға өзгеріс енгізіледі. Аталған заңдар әлеуметтік-экономикалық салада төтенше жағдай енгізу кезінде қолданылатын негізгі шаралар мен уақытша шектеулер бойынша нормалармен толықтырылды. Осыған орай Президенттің нормативтік-құқықтық актілері негізінде әлеуметтік-экономикалық салаларда белгілі бір мерзімге заңнаманың қолданылу ерекшеліктері белгіленуі мүмкін. Олар елдегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтауға және төтенше жағдайлардың теріс салдарының алдын алуға мүмкіндік береді", – деді экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов.

Айта кетейік, заң жобасы салық, бюджет, кеден, банк, еңбек, монополия, денсаулық, мемлекеттік сатып алу, валюталық реттеу, әлеуметтік қорғау, мемлекеттік мүлік, мемлекеттік бақылау және қадағалау сонымен қатар елдің халықаралық міндеттемелерді іске асыру сынды 14 саланы қамтыды. 

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу