Төтенше жағдайлар министрлігі Чехияның ұшақтарын сатып алады

705

Лизинг арқылы 3 МИ-8 АМТ және 4 Ка-32 тікұшақтары,  4 L-410 ұшағы сатып алынбақ. 

Төтенше жағдайлар министрлігі Чехияның ұшақтарын сатып алады Фото: gov.kz

Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов төтенше жағдайға дайындықты күшейту мақсатында қанша тікұшақ пен ұшақ сатып алынатынын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Тілшілер министрден "Ұшақтар мен тікұшақ сатып алуға қанша қаражат қажет? Олардың саны қандай?" деп сұрады.

"Төтенше жағдайлар министрлігіне әлі бірталай тікұшақтар керек. Кішкентай ұшақтар қажет. Келешекте 20 өңірде жиырма әуе отряды болуы керек деген ойымыз бар. Соның арқасында бұл өңірлер біріншіден қауіпсіздік жағынан да қамтамасыз етіледі, екіншіден жас мамандар ұшақ мамандығын меңгереді. Қазіргі таңда біздің жоспар бойынша лизинг арқылы 3 МИ-8 АМТ тікұшағын, 4 Ка-32 тікұшағын алатын боламыз. Содан басқа тәуелсіз еліміздің тарихында бірінші рет ұшақ алып отырмыз. L-410 Чехияның төрт ұшағын аламыз. Оны төрт өңірге – батыс, шығыс, солтүстік, оңтүстікке қоямыз", - деп жауап берді Шыңғыс Әрінов Үкімет отырысынан кейінгі брифингте.

Министр тікұшақтар мен ұшақтарды тиімді лизинг арқылы алып жатқандарын жеткізді. 

"Бұрын қолайсыз ауа райында біздің талаптарымыз бөлек (болды). Қазіргі таңда "Қазәуеқұтқару" АҚ азаматтық авиация ретінде дамып жатыр. Олардың талаптары өте жоғары. Сол талаптарға сай болу үшін біз олардың стандарттымен оларды үйретуіміз керек. Егер де мемлекеттік авиацияны қарайтын болсақ, Қарулы күштер, ІІМ-нің заңдары бөлек. Биыл 2 ұшқыш дайындап отырмыз. Сомасын әзірге айта алмаймын", - деді Төтенше жағдайлар министрі.

Айта кету керек, осыған дейін Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Үкімет отырысында сапалы арнайы автомобильдер мен инженерлік техникалар, оның ішінде жүзу құралдарын, ұшақтар мен тікұшақтар сатып алынатынын айтқан болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу