АҚШ Президенті Дональд Трамп елдің 35-ші президенті Джон Кеннедидің, оның інісі Роберт Кеннедидің және Мартин Лютер Кингтің өліміне қатысты құжаттарды жариялау туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW агенттігіне сілтеме жасап.
"Мен Джон Кеннедидің өліміне қатысты мәліметтерді жасыру және оларды өзгерту қоғам мүддесіне қайшы деген қорытындыға келдім. Бұл жазбаларды жариялаудың уақыты әлдеқашан жетті", – делінген Ақ үйдің ресми сайтында жарияланған құжатта.
Ұлттық барлау директоры, АҚШ бас прокуроры, президенттің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі көмекшісі және кеңесшісі 15 күн ішінде бұл құжаттарды толық жариялау жоспарын ұсынуы тиіс.
Бұдан бөлек олар 45 күн ішінде Роберт Кеннеди мен Мартин Лютер Кингтің өліміне қатысты тергеу материалдарын зерттеуі қажет.
Айта кету керек, Джон Кеннеди 1963 жылғы 22 қарашада Даллас қаласында оқ тиіп қаза тапты. Ресми мәліметтерге сәйкес, оны теңіз жаяу әскерінің сарбазы Ли Харви Освальд снайперлік винтовкамен алыстан атып өлтірген.