Мұның бәрі екі ел арасындағы ядролық келісімнің жасалмағанынан басталған еді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Енді АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен ядролық бомба жасауға жол бермеу мақсатында тікелей келіссөздер бастағанын мәлімдеп отыр. Ол Тегеранға келіссөздер сәтсіз аяқталса, бұның ауыр салдары болуы мүмкін екенін ескерткен. Бұл туралы The Guardian басылымы жазады.
Трамп аталған мәлімдемені Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен Ақ үйдегі кездесуінде айтты. Ол келіссөздердің алдағы демалыс күндері басталатынын, бірақ келіссөздер іс жүзінде жүзеге асып жатқанын меңзеді.
– Біз Иранмен тікелей келіссөздер жүргізіп жатырмыз, ол әлдеқашан басталды. Сенбі күні үлкен кездесу өтеді. Бұл маңызды кездесу болмақ, соның нәтижесін көреміз. Барлығы келісімге келу – өзге, қалаусыз шараларға барудан әлдеқайда тиімді екенімен келіседі деп ойлаймын. Бұл шаралар не АҚШ, не Израиль үшін қажет емес, – деді ол.
АҚШ президенті келіссөздер қай жерде өтетінін және оған қандай лауазымды тұлғалар қатысатынын сөз етпеген. Бірақ, әңгіме арасында Иранға сес көрсеткені байқалады.
– Егер Иранмен келіссөздер сәтсіз аяқталса... Иран үлкен қауіпке тап болады. Мұны айту маған ұнамсыз, бірақ Иран ядролық қаруға ие болмауы тиіс, – деді ол.
Еске салайық, Трамп президенттік қызметінің алғашқы мерзімінде Барак Обама қол қойған "Бірлескен жан-жақты іс-қимыл жоспары" келісімінен бас тартты. Бұл құжат Иранға уран байытуды шектеу есебінен санкцияларды жеңілдетуді ұсынған еді.
Сарапшылар Иранның ядролық бағдарламасы бұрынғыдан да жедел қарқын алып, бомба жасауға бір қадам жақын қалғанын сөз етеді. Бұған дейін Джо Байден Обама келісімін қайта жандандыруға тырысқанымен, бұл әрекет нәтижесіз қалған-ды.
Израиль премьері Биньямин Нетаньяху Иранды өз еліне экзистенциялық қауіп деп санайды және ол елдің ядролық қару жасауына жол беруі мүмкін кез келген келісімге қарсы шығып келеді.
Осыған дейін кейбір шетелдік БАҚ АҚШ пен Израильдің Иранның ядролық нысандарына әуе соққыларын жасауы мүмкін екенін жазған. Есесіне Иранның Жоғарғы көшбасшысы АҚШ-қа үндеу жасап, Тегеранға қысым мен қорқыту арқылы ештеңе істете алмайтынын ескертті. Оның сөзінше, Вашингтон мен өзге тараптар Иран халқына қарсы әрекет етудің салдары қиын тиеді.