АҚШ президенті Дональд Трамп Украинадағы соғысты тоқтату үшін Владимир Зеленский Ресеймен келісімге келуге мәжбүр болуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW агенттігіне сілтеме жасап.
Ақ үй басшысы бұл туралы 16 қыркүйекте Ұлыбританияға сапары алдында мәлімдегені белгілі болды. Трамп нақты қандай келісім жайында сөз болып отырғанын айтпады.
Бұдан бөлек Дональд Трамп Украина және Ресей басшылары кездескен жағдайда, бұл келіссөздерге өзі де қатысуы мүмкін екенін жасырмады.
"Тангоға екі адам керек. Зеленский мен Путин бір-бірін жек көреді. Олар бір бөлмеде отыра алмайтындықтан, менің қатысуыма тура келеді", – деді АҚШ президенті.
Сол күні Мемлекеттік хатшы Марко Рубио БҰҰ Бас Ассамблеясында Трамп пен Зеленский кездесуі мүмкін екенін айтып қалды. Ол Трамп соғысты тоқтату үшін бар күш-жігерін салып жатқанын жеткізді.
Айта кету керек, бұған дейін Трамп TikTok-ты бұғаттау мерзімін тағы кейінге қалдырғанын жазғанбыз.