Әлемдік нарықта алтын мен күмістің бағасы жаңа тарихи межеге жетті. Бұған АҚШ президенті Дональд Трамптың Еуропаның 8 еліне Гренландияға қатысты ұстанымы үшін 10 пайыздық сауда бажын енгізу жөніндегі мәлімдемесі себеп болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
19 қаңтар күні Азия қор биржаларында тұрақсыздық жағдайындағы негізгі актив саналатын алтынның бағасы 4690,59 долларға дейін жетті, ал күміс 94,12 доллар болды.
Бұдан басқа ықтимал сауда соғысының басталуына байланысты алаңдаушылық күшейгендіктен, дүние жүзіндегі көптеген қор нарықтары құлдырады. Мәселен, Жапонияның Nikkei индексі 1,4 пайызға төмендесе, Азия-Тынық мұхиты аймағындағы акцияларды қамтитын MSCI индексі 0,3 пайызға азайды. Доллардың иена мен швейцар франкіне қатысты бағамы түсіп, еуро мен фунт стерлинг нығайды. Мұнай бағасы өзгеріссіз қалды.
Дональд Трамп 1 ақпаннан бастап Германия, Дания, Ұлыбритания, Нидерланд, Норвегия, Финляндия, Франция және Швециядан АҚШ-қа жөнелтілетін тауарларға 10 пайыздық тариф енгізетінін айтты. Ақ үй басшысының сөзінше, 1 маусымнан бастап баж салығы 25 пайызға дейін көтеріледі. Трамп тиісті алымдар Гренландияны сатып алуға қатысты келісімге қол жеткізілгенге дейін алынатынын ескертті.