Транзиттік контейнерлік тасымалдар 2,7 есеге артып, 17,3 мың ДФЭ-дан 46,3 мың ДФЭ-ге дейінгі көлемді құрады деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл ретте, Қытайдан келетін транзиттік контейнерлік тасымалдардың 25 есеге артқанын атап өткен жөн. Оған, былтыр Сиань қаласында құрылған Қазақстан – Қытай бірлескен терминалы үлкен ықпалын тигізді.
“Жалпы дәліз бойында қазақстандық терминалдар желісі қалыптасып келеді. Сиань қаласындағы терминалға қосымша Поти портында да қазақстандық жеке терминал іске қосылды. Ақтау портында қытайлық "Ляньюньган порт" компаниясымен бірлесіп контейнерлік хаб құрылысы басталды. Құрық порты бойынша "Abu Dhabi Ports"-пен бірлескен көпфункционалды "Саржа" терминалының салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Дәліздің Еуропалық бөлігінде қазақстандық терминал салу мәселесі пысықталуда”, – деді Көлік министрі М.Қарабаев Үкімет үйінде жасаған баяндамасында.
Осыған қоса, биыл Халықаралық транс каспийлік дәлізді дамыту бойынша келісім шеңберінде Қытай тарапымен контейнерлік пойыздардың санын арттыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілген.
Атап айтқанда, 2029 жылға дейін контейнерлік пойыздардың санын жылына қазіргі 400 пойыздан 3 мың пойызға дейін ұлғайту жоспарлануда (2025 жылы 600 пойыз, 2027 жылы 1 000 пойыз, 2029 жылы 3 000 пойыз).
Цифрлық шешімдерді енгізу де маңызды рөл атқарады. Осы жылдың тамыз айынан бастап Қазақстан темір жолы еншілес компанияларының коммерциялық қызметтерін көрсету үшін Бірыңғай цифрлық терезе сәтті іске қосылды.
Сингапурлық PSA компаниясымен бірлесіп "Цифрлық сауда дәлізі" құрылды. Жыл соңына дейін Әзербайжан және Грузия елдерімен интеграциялық процесстер аяқталады.
Кедендік рәсімдерді оңтайландыру мақсатында Қазақстан-Қытай шекарасында TEZ Customs жүйесі енгізілді. Жүйе кедендік рәсімдеу процесстерін 4 сағаттан 30 минутқа дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
Жоғарыда аталған барлық шаралар маршруттың өткізу мүмкіндігін жылына 10 млн тоннаға дейін арттыруға ықпалын тигізеді.