ТҮҚЖБ басқарма төрайымы: Ең құнтты, үнемшіл әйелдер Алматыда тұрады

1136

ТҮҚЖБ басқарма төрайымы: Ең құнтты, үнемшіл әйелдер Алматыда тұрады

Қазақстанда депозит ашып, үй алуға деп ақша жинау көп жағдайда әйелдер бастамасымен жүзеге асады. ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия отырысында сөз алған Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова осындай статистика келтірді, деп хабарлайды 24.kz.

Ұйым басшысы айтқан мәліметтерге қарағанда, қазіргі уақытта тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне 1 млн 100 адам қатысып жатыр және оның 58%-ы – әйелдер.

"Баспана туралы қам қылып, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне депозит ашу үшін келетін әйелдердің басым бөлігі 25-35 жаста. Ең құнтты, үнемшіл әйелдер Алматыда тұрады деп айта аламыз: бұл қаладағы жалпы салымшылар санындағы әйелдер үлесі 63%-ға тең – ел бойынша максимал көрсеткіш. Ал ең төменгі көрсеткіш, яғни 44% көлеміндегі әйел-салымшылар үлесі Маңғыстау облысындағы депозиттік қоржынға тиесілі. Бір қызығы, банктің әйел-клиенттері үнемшіл болу және болашақты алдын-ала ойластыруды балаларына да үйретеді. Мұны Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен ашылған 140 000-дай балалар депозитінен көруге болады. Аналарының мұндай көрегендігі аталған салым иелеріне болашақта пайдасын тигізері сөзсіз. Себебі кәмелеттік жасқа толған соң оларда баспана сатып алу мүмкіндігі болады", – дейді Ләззат Ибрагимова.

Әйелдер саны банк займшылары қатарында да жоғарырақ. Пәтер немесе үй сатып алу үшін несие ресімдеген әйел-клиенттердің жасы 36 мен 45 аралығында. Оларға берілген займдардың орташа мерзімі – 6,5 жыл.

Ең жауапты займшылар деп әйел-клиенттерді атауға болады. Несие бойынша өтеу мерзімін 90 күннен жоғары кешіктіріп алған займшылар арасындағы әйелдер үлесі бар болғаны 35%-ға тең.

Банк статистикасына сәйкес, соңғы үш жылдың ішінде 28 552 әйел Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің көмегімен қажет ақшаны жинап, жаңа немесе қайталама нарықтан үй сатып алыпты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу