162 мың талапкер Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырды. Оның ішінде түлектердің 76,16%-ға жуығы қазақ тілінде, 24,74% - ы орыс тілінде, 0,1% - ы ағылшын тілінде тестілеуден өтті, деп жазады inbusiness.kz.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің шешімі бойынша 2023 жылы талапкерлер негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең үздік нәтижемен грант конкурсына қатыса алады. Осылайша, 162 мың талапкер ҰБТ-ны 291 мың рет тапсырды.
"Тестілеу қорытындысы бойынша 135 мыңға жуық талапкер шекті балл жинады, бұл қатысушылардың жалпы санының шамамен 83%-ын құрайды. Бұл көрсеткіштер өткен жылмен салыстырғанда 16%-ға артқан (2022 жылы – 67%). ҰБТ орташа балы өткен жылғы көрсеткіштен 7 балға артып, 73 балды құрады (2022 жылы – 66 балл). Бес адам ең жоғары көрсеткіш көрсетіп, 137 балл жинады. 2868 оқуға түсуші 120 балдан жоғары нәтижеге қол жеткізді", – деді ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.
Тестілеу бес пән бойынша өткізілді: үш міндетті және екі бейінді. Тест тапсырмаларының саны 120, оның ішінде Қазақстан тарихы бойынша – 20, математикалық сауаттылық бойынша – 15, оқу сауаттылығы бойынша – 15 және екі бейіндік пән бойынша – 35 тапсырма. Тестілеу ұзақтығы – 4 сағат (240 минут). Сондай-ақ, ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлер үшін қосымша 40 минут уақыт сақталды. Биыл осындай 478 бала ҰБТ тапсырды.