Туристік алымға кәсіпкерлер қарсы

692

Шығыс қазақстандық кәсіпкерлер туристік алымға қарсы. 

Туристік алымға кәсіпкерлер қарсы Фото: baq.kz

Яғни, қонақүй бизнесімен айналысқан азаматтар 2023 жылдан бастап енгізілетін жаңа ереже кәсібімізге кедергі болады дейді. 

Кәсіпкерлерді алаңдатқан мәселе  шетелдік туристердің қонақ үйде жатқан әр күні үшін төлеген ақшасынан 5 пайыз алым алу. 

Егер бұл ереже келер жылдан басап енсе, қонақ үй иелері бағаны қымбаттатуға мәжбүр болады. Артық ақшаны бизнес иелері жергілікті жердегі бюджетке қосады. Ол ақша демалыс орындарына баратын жолды жөндеуге, интернет пен байланыс құралдарын орнатуға бір сөзбен айтқанда туризм саласын дамытуға жұмсалмақ. 

"Бес пайыз алым бизнеске кедергі. Шетелдіктер әрбір тиынын санап келеді. Артық ақша шашпайды. Одан кейін туристердің келуі азаяды. Бір сөзбен айтқанда Қазақстанның қонақжайлылығына сын айтады. Сондықтан тиісті министрлік бұл құқықтық актіні өзгертуі қажет", дейді кәсіпкер Рустам Адамов.

Жобаны қараша айында үкімет бекіткен. Алайда, бұл қымбатшылық қаншама адамды жұмыспен қамтамасыз етіп, мемлекетке салық төлеп отырған кәсіпкерлерге соққы. Әдетте, сырттан келген қонақтарды жасырын түрде жеке пәтерін жалға беретіндер алып кетеді. Бағаны да әлдеқайда төмен түсіріп, заңды түрде жұмыс істейтін бизнес өкілдеріне бөгет болмақ.

"Қазіргі нарықта ашық түрде жұмыс істеп, заңды тіркелген азаматтар бірінші жапа шегеді. Тіпті олардың жұмысы тоқтап қалуы мүмкін. Ол үлкен қауіп. Қаншама қаражат салып, бизнесін дамытты. Кейбірінің тұрақты келушілері де бар. Бұдан кейін олардан да айырылуы ғажап емес", дейді Шығыс Қазақстан туристік қауымдастығының төрағасы Асқар Оразбаев.

Туризм саласында талай жылдан бері тұрақты жұмыс істеп келе жатқан кәсіпкерлер мұндай жобаны басқа жақтан көрмедік дейді. Сондықтан онсыз да дамыта алмай жатқан саланы жандандырудың басқа тәсілін ойлап тауып, тығырықтан өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай алып шығу қажет деп санайды.

Жанболат Санияз

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу