Түркістан облысында 100 мың бала балабақшасыз қалуы мүмкін

614

Облыстағы жекеменшік балабақшаларды жан басына қаржыландыру көлемі көңіл көншітпейді. 

Түркістан облысында 100 мың бала балабақшасыз қалуы мүмкін

Депутат Фахриддин Қаратаев осылай деп дабыл қақты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Түркістан облысындағы жекеменшік балабақшаларды жан басына қаржыландыруға республика бойынша ең төменгі мөлшерде, яғни 25 582 теңге ақша бөлінеді. Бұл көрсеткіш білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 27 қарашадағы бұйрығымен бекітілген жан басына қаржыландыру әдістемесіне сәйкес, ауылдық жерде – 41 053, қалалық жерде – 37 527 теңгені құрауға тиіс", – деді мәжілісмен. 

Фархад Қаратаевтың сөзінше, Түркістан облысында 1 024 жекеменшік балабақша бар. Мұнда 115 мыңнан астам бала тәрбиеленіп жатыр. Оның ішінде 50 мың бала аз қамтылған, 25 100 бала көпбалалы отбасынан. Жекеменшік балабақшаларда 36 840 адам еңбек етеді. Балабақша қызметкерлерінің айлық жалақысы 42 500 - 70 000 теңге. Қызметкерлердің 50%-дан астамы көпбалалы және аз қамтылған. 10 мыңнан астам адам ең төменгі айлық жалақыға жұмыс істеп жатыр. 

"Жергілікті бюджеттегі қаржы тапшылығының салдарынан Түркістан облысына соңғы 3 жылда жан басына қаржыландырудың мөлшеріне қосымша қаржы қарастырылмады. Бүгінгі таңда облыс бойынша 23,5 млрд теңгенің тапшылығы туындап отыр. Жергілікті атқарушы органдар қаржыны жергілікті бюджеттен төлеу мүмкіндігі жоқ екенін айтып отыр. Мәселені жекеменшік балабақша басшылары 3 жылдан бері көтеріп, барлық атқарушы мемлекеттік органдарға хат жолдады. Алайда осы күнге дейін мәселенің шешімі табылмады. Жан басына қаржыландыру бойынша мемлекеттік білім тапсырмасын орындау үшін Түркістан облысы бойынша 23,5 млрд теңгеге тапсырыс берілген. Бірақ республикалық бюджеттік комиссияның 2021 жылғы 20 сәуірдегі №9 шешімімен бұл шығыс қолдау таппады. Мәселе биыл да шешімін таппаса, кәсіпкерлер қыркүйек айында жұмыстарын амалсыздан жаппай тоқтататындарын жеткізіп жатыр. Бұлай болса 100 мың бала балабақшасыз, 20 мың адам жұмыссыз қалу ықтимал", – деді депутат. 

Қанат Махамбет
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу