Түркістан облысы ПД ЖБО-ға Сарыағаш ауданының сот орындаушысынан қаржы мекемелерінің біріне 13 млн теңге берешегі бар Түркістан қаласы тұрғынының автокөлігін ұстау туралы өтініш келіп түсті. Кезекшілер ЖБО бақылау камераларының көмегімен облыс орталығы мен республикалық маңызы бар жолдарды тексерді. Сондай-ақ автокөліктің қозғалысын тіркей алатын бейнежазбаларды мұқият қарап, патрульдік полиция экипаждарын борышкердің көлігін тоқтатуға бағыттады, деп жазады inbusiness.kz polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Нәтижесінде полиция қызметкерлері екі сағат ішінде республикалық маңызы бар трассалардың бірінен Toyota көлігін анықтады. Операторлар деректерді патрульдік полиция инспекторларына тапсырды, олар аталған көлікті тоқтатып, айыптұраққа қойылды.
Түркістан облысы ПД ЖБО бастығы Сәбит Бақтығалиев атап өткендей, 2023 жылдан бастап ЖБО операторлары бейнебақылау камераларын пайдалана отырып, жүргізушілері әкімшілік айыппұлдар мен қарыздарды төлеуден жалтарған 20-ға жуық көлікті анықтаған. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасатын болады.