Халықтың 80 пайыздан астамы ауылды жерлерде тұратын Түркістан облысына қосымша 14 миллиард теңге бөлу мәселесі де қарастырылып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Пилоттық жобаға қатысатын 32 ауылдық округте тұратын мыңдаған адам үйін кепілге қойып, 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие ала алады. Орташа несие көлемі - 5 млн.теңге.
Осы мақсатта Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы жауапты басқарма басшылары, аудан әкімдерінің орынбасарлары, микроқаржы ұйым жетекшілері және ауыл шаруашылығы кооперативтерінің өкілдерімен жиын өткізді. Облыс әкімінің орынбасары жобаны егжей-тегжейлі талдап, дақылдарды өсіру және өндірістерді ашуға болатын қолайлы аймақты анықтау жөнінде тапсырма берді.
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы ел экономикасының жаңа қозғаушы күші болатынын айтып өтті. Жаңа жоба біздің өңір үшін өте маңызды. Қазіргі таңда Жамбыл және Ақтөбе облыстарында іске асуда. Ол аумақтарда халықтың жұмыспен қамтылу деңгейі біршама артқан. Сондай-ақ тұрғындардың орташа табысының өскенін байқауға болады. Ең бастысы, кез-келген ауыл тұрғынына қолжетімді етіп, жобаларды шағын инвестициялармен жүзеге асыруға мүмкіндік беруге қол жеткіземіз. Осындай жобалар арқылы біз ауыл халқының табысын арттырамыз", - деді Ермек Кенжеханұлы.
"Ауыл аманаты" жобасының мақсаты - ауыл халқының табысын арттыру, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдау, аграрлық бизнесті ілгерілету мәселелерін шешуге бағытталған.
Жобада жеңілдіктер де жоқ емес. Мәселен, ауыл азаматтары кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала отырып, техниканы лизингке рәсімдеуге мүмкіндік алады. Несие немесе микронесиенің мерзімі - 5 жыл болса, мал және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобаларға 7 жылға дейін беріледі. Несиенің ең жоғары соммасы қолданыстағы заңнама бойынша анықталады.
Жобаға қызығушылық танытқан ауыл тұрғындары толық ақпаратты аудандық "Кәсіпкерлікті қолдау орталықтарына" жүгініп, нақтылай алады.