Түркістан облысында орын алған жол-көлік оқиғасы кезінде 4 адам қайтыс болып, 1 адам жансақтау бөліміне жеткізілді, деп хабарлайды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қайғылы жағдай 2 тамыз күні Төлеби ауданының аймағындағы "Алматы-Ташкент-Термез" жолында орын алған.
"Шымкент қаласына қарай бағыт алған жүк көлігі қарама-қарсы бағытқа шығып кетіп, "Ауди" маркалы жеңіл көлігі мен "Камаз" жүк көлігімен соқтығысып, содан соң жанып кеткен. Жол-көлік оқиғасының салдарынан "Ауди" көлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы қаза болды, ал жүк көлігінің жүргізушісі ауруханаға жетпестен көз жұмды", делінген ведомство таратқан хабарламада.
Сондай-ақ "Аудидің" бір жолаушысы дене жарақаттарымен жансақтау бөліміне жеткізілген. Ал "Камаз" жүргізушісі дін аман.
"Қазіргі таңда аталған жайт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы "Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы" бойынша сотқа дейінгі тексеру амалдары жүргізілуде. Сараптамалар тағайындалды. Полицейлер оқиғаның толық мән жайын анықтауда", – деп хабарлады ТО ПД-нің баспасөз қызметі.