Түркістан сәулетінің бәрі ұлттық үлгіде жасалуы тиіс – Қазыбек Иса

352

Мәжілісте Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы заң жобасы қаралды.  

Түркістан сәулетінің бәрі ұлттық үлгіде жасалуы тиіс – Қазыбек Иса Фото: Қазақ үні

Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Түркістан қаласының сәулетіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Халық қалаулысы Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы заң жобасы маңызды заңнама болуы тиіс екенін баса айтты.

"Оған бәріміз де өз үлесімізді қосамыз. Осының ішінде қаланың мәдени және рухани дамуы, тарихи мәдени нысандарды сақтау, Түркістан қаласының тарихи-мәдени мұрасын қорғау, пайдалану және ілгерілету мәселелері бойынша қабылданған шешімдердің ғылыми негізіне сүйеніп отыр екен. Бұл өте дұрыс. Сонымен қатар Түркістан қаласының бүкіл Түркі әлемінің ордасы ретінде ресми заңмен қабылдануы қажет. Бірақ бір мәселе басты назарда болу керек. Түркістан қаласының сәулетін өркендеткен кезде ол ең алдымен ұлттық негізде болуы керек. Біз Түркістан қазақ хандарының ордасы болғанын естен шығармауымыз қажет. Сондықтан ондағы сәулеттің бәрі ұлттық үлгіде, кемінде шығыстық үлгіде жасалуы тиіс деп білемін", - деді Қазыбек Иса.

Бұдан бөлек ол Түркістан қаласының сәулетіне қатысты да пікір білдірді.

"Әртүрлі елдердің, Батыс немесе басқа жақтың әр нәрсесін жабыстыра бермеу керек. Түркістан қаласына кіріп келе жатқан кезде атын ешкім білмейтін, ғаламтордан ғана тауып алатын тауыс деген құстың ескерткіші тұр. Ол тауыс құсының қазақ халқының тарихына қандай қатысы бар? Тауыс құсы Римдегі, одан кейін Шығыстағы парсы, тағы басқа қалалар патшаларының әйелдерінің ойнап отыратын құсы. Ол жерде тауыс құсы емес, көк туымыздағы қыранның ескерткіші неге болмайды?", - деді депутат Қазыбек Иса.

Айтуынша, осы мәселелер болашақта басты назарда болуы керек.

Айта кету керек, осыған дейін Мәжілісте "Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы" заң жобасы ілеспе түзетулерімен таныстырылғанын жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу