Қайырымды іс жасауды азаматтық парызы санаған Жетісай ауданының тұрғындары алты бірдей отбасыға баспана сыйлады, деп хабарлайды Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Игі іс ҚМДБ-ның 30 жылдық мерейтойына орай, "Зекет" қорының "Ел үлесі – пәтерге" жобасы аясында атқарылды. Жетісай ауданында баспана тауқыметін тартып жүрген 6 отбасыға барлық жағдайы жасалған жаңа үйлердің кілттері табыс етілді.
"Халық арасында "жұмыла көтерген жүк жеңіл" деген керемет сөз бар. Осы орайда, әрқашанда халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, көмек беріп келген елдің анасы атанған Жамал апамызға және оның ісін жалғастырып жүрген ұлы, белгілі кәсіпкер Бахараддин Аблазимовке елдің атынан алғысымды айтамын. Ауданда қайырымдылық арқылы баспана сыйлаудың жарқын үлгісін Жамал апамыз көрсетіп, көпке үлгі бола білді. Бұл орайда жергілікті тұрғындардың ерекше белсенділігін айта кеткеніміз абзал. Әрбір баспананы салу барысында еріктілер тобының және жомарт жандардың еңбегі ерекше. Олар іргетастың қаланған сәтінен тұрғын үй салынып біткенше істің басы-қасында жүрді. Қайырымдылық жасау арқылы ауданның әрбір азаматы өзінің қолында бар дүниесімен бөлісіп, мұқтаж азаматтардың баспаналы болуына өз үлестерін қосуда. Алдағы уақытта да осындай баспана салу үшін жер телімдерін тегін бере отырып, мұқтаж жандарға қажетті жағдайды жасайтын боламыз", – деді аудан әкімі Жамантай Бейсенбаев.
Баспана тауқыметін 16 жылдан бері тартып келе жатқан жалғызбасты көпбалалы ана Жәудір Төреханова жаңа қоныстанушылар атынан өз алғысын айтты. Сондай-ақ Жетісай ауданының орталық мешітінің бас имамы Жорабай Дулатбаев бұл істің негізгі ұйымдастырушысы әрі бастамашысының бірі Бекзат Сыздықов сынды азаматтар екенін тілге тиек етіп, алдағы уақытта да қайырымдылық шаралары жалғасын табатынын жеткізді.