"Қаржылық мониторинг агенттігіненбіз": Түркістанда мекеме басшысынан 15 млн теңге бопсалағандар ұсталды

279

Тергеу жалғасып жатыр. 

"Қаржылық мониторинг агенттігіненбіз": Түркістанда мекеме басшысынан 15 млн теңге бопсалағандар ұсталды Фото: Бейнежазбадан

Түркістанда медицина ұйымының басшысын қорқытып, 15 млн теңге талап еткендер ұсталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қаржылық мониторинг агенттігі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру саласындағы қаражат жымқыру деректерінің жолын кесу бойынша жұмыс жүргізіп жатқан тұста алаяқтық жағдайлары жиілеп кетті. Қаскөйлер өздерін агенттік қызметкерлері ретінде таныстырып, "анықталған заңбұзушылықтарды" алға тартып, медицина мекемелерінің басшыларын қылмыстық жауапкершілікке тартамыз деп қорқытады. Сонымен қатар сыйақы берсе, жауапкершілікке тартпауға уәде етіп, ақша талап етеді. Осындай алаяқтық схеманың жолы Түркістан облысында кесілді.

– Екі адам өздерін агенттік қызметкерлері ретінде таныстырып, алдау жолымен медициналық ұйымдардың бірінің басшысынан 15 млн теңге көлемінде ақша алуға тырысқан. 5 млн теңгені алғаннан кейін алаяқтар қалған 10 млн теңгені беруді талап еткен. Осы жылғы 8 тамызда оларды Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері агенттіктің Өзіндік қауіпсіздік департаментімен бірлесіп, қылмыс үстінде ұстады. Сот сыбайластарға қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді. Тергеу жалғасып жатыр, – деді ҚМА ресми өкілі Ернар Тайжан.

ҚМА жауапкершілікке тартамыз деп қорқытып немесе жазадан құтылуға көмектесеміз деп уәде беріп, ақша талап ету – заңсыз әрекет екенін ескертеді.

– Мұндай деректер туралы ҚМА Call-орталығына 1458 нөмірі арқылы дереу хабарлау қажет. Азаматтарды қаржылық мониторинг органдарына шақыру тек өндірістегі сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде, заңда белгіленген тәртіппен ресімделіп, жолданған ресми шақыру қағаздары негізінде ғана жүзеге асырылатынын ескертеміз. Азаматтарды сақ болуға, арандатушылыққа және алаяқтардың айласына ермеуге шақырамыз, – деді Ернар Тайжан.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу