Қазақстан ТЖМ құтқарушылары Түркияда үйінділердің астынан тағы үш адамды құтқарып алды, деп жазады inbusiness.kz.
"Екінші эшелон Түркияға келген сәттен бастап Қазақстан ТЖМ құтқарушылары тәулік бойы құтқару жұмыстарын жүргізуде. Екінші эшелон үшін іздеу орны Нурдагы – Газиантеп қаласынан 69 шақырым жердегі толығымен қираған ғимарат бекітілді. Бұл нысанда қазақстандық құтқарушылар адамдардың орналасқан жері мен жай-күйін анықтау, үйінділер астында зардап шеккендермен аудио байланыс орнату, қажетті көмектің көлемі мен сипатын анықтау бойынша жұмыстарын жүргізді", деп хабарлады https://t.me/qr_tjm/3467 министрлік.
ТЖМ мәліметінше, үйінді астында болған тағы 3 адам шығарылған.
"Қазақстандық құтқарушылардың үлкен тереңдіктегі үйінділердің астынан зардап шеккендерді эвакуациялау үшін жол ашу жұмыстарын орындап, жедел және сауатты іс-қимылдың, сондай-ақ зардап шеккендерді блоктан шығару бойынша уақтылы қабылданған шаралардың нәтижесінде бүгін түнде көлемі 18 мың текше метрден астам үйіндінің астынан үш адамды – ер адам мен екі әйелді шығаруға мүмкіндік туды", - делінген ТЖМ хабарламасында.
Ақпаратқа сәйкес, адамдар медицина қызметтеріне жеткізілді.
Еске салайық, осыған дейін жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 20 мыңнан асқанын жазған болатынбыз.