Жалпы елімізде жыл сайын шамамен 15 мың адам түрмеге қамалады екен.
Осы орайда жазасын өтеушілерді асырауға қанша қаражат жұмсалады және оның ішіне не кіреді?
Ол туралы ҚазАқпарат сауалына берілген ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми жауабында айтылған.
"Түрмеде отырған бір сотталушы, күдікті немесе айыптыны асырауға жылына орта есеппен 789 000 теңге жұмсалады. Оның ішінде 443 000 теңгеге азық-түлік алынады. Жазасын өтеушілерге жұмсалатын шығын сомасына тамақ, дәрі-дәрмек, төсек-орын, гигиена құралдары, коммуналдық төлем және бостандыққа шыққандардың жолпұлы кіреді", - деген жауап берілді сауалға.
Сондай-ақ ресми ақпаратта сотталғандарға кәсіби білім беру, еңбекпен қамту жұмысы туралы айтылған.
"Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде орта және кәсіптік білім алуға жағдай жасалған. Яғни түрмелерде кәсіби білім беретін 50 мектеп бар, онда жылына 1,9 мыңнан астам адам түрлі кәсіпті меңгеріп шығады. Мамандықтардың арасында ағаш ұстасы, сантехник, электр және газбен дәнекерлеуші, тігінші, аспаз және тағы басқа. Білім берумен қатар қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде еңбекпен қамту да қарастырылған. Жұмыс істеуге ниетті және еңбекке жарамды жандардың табыс табу мүмкіндігі бар. Сонымен қатар бостандыққа шыққан жазасын өтеушінің қоғамға қайта бейімделуі мен жұмыспен қамтылуы біздің назарда. Бұл бағытта бізде арнайы әзірленген кешенді стратегия бар", - дейді ведомстводан.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, сотталғандарды әлеуметтендіруге бағытталған 63 жоба іске асырылды.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, елімізде жыл сайын шамамен 15 мың адам түрмеге қамалады.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қазір түрмелерде 28 мың адам жазасын өтеп жатыр. Сондай-ақ жыл сайын шамамен 6 265 адам түрмеден шығады.