"Түсімде аян берді, ұлттық қорға ақша түсті": Ақтөбелік келіншек 16 жыл бұрын шетінеген егіз ұлының тірі екеніне сенімді

1588

Енді әйел істі қайтадан көтеріп, эксгумация жасауға ниетті. 

"Түсімде аян берді, ұлттық қорға ақша түсті": Ақтөбелік келіншек 16 жыл бұрын шетінеген егіз ұлының тірі екеніне сенімді Фото: видео скриншот

Ақтөбелік келіншек 16 жыл бұрын шетінеп кетті деген егіз ұлының тірі екеніне сенімді. Бір қызығы бақилық болған бүлдіршіндерге таяуда ұлттық қордан ақша түскен. Сондай-ақ, екі бала да E-gov-та өлі деп танылмай, тіркеуде тұр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Көреміз бағдарламасына сілтеме жасап.

Асылгүл Жүсіпбекова 2008 жылы 22 қыркүйекте Алмат және Арнат есімді егіз ұлды босанады. Бұл – келіншектің екінші жүктілігі болған. Алайда олардың бірі 3 күннен кейін, біреуі 7 күннен кейін шетінеп кеткен. Айтуынша, балалар 7 айлығында мерзімінен бұрын 1 келі 800 грамм болып дүниеге келген. Салмағы аз болғандықтан, оларды вакуумға салған. Анасы оларды сырттай бақылып, сүтін сауып апарып жүрген. 3 күннен кейін кішісі Алмат, одан соң Арнат көз жұмады. Екеуіне де өкпесі жетілмеген деген диагноз қойған. 

"Балалар тірі сияқты сезіледі, жүрегім әлі олар тірі деп тұр. Түсіме екі рет ақ қиген ата кіріп, “балаларың тірі” деп аян берді. Осыны таныстарыма айтсам, “балаларыңды ойлай бергеннен ғой” дейді. Бірақ менің көңілім тынышталар емес", – дейді келіншек.

Әрі шақалақтарды көметін кезде дәрігерлер балалардың денесін қатырып, орап, бетін ашпасын деген. Мәйітханадан құжат та бермеген. Сол себепті олар егіздің көз жұмғанын көрмей, сене алмайды.

Есесіне жақында ұлттық қордан екеуіне де 100 доллардан түсіпті. Одан кейін Ақтөбе облыстық білім басқармасынан қоңырау шалып, Арнаттың қай мектепте оқитынын сұрап хабарласқан.

"Қазан-қараша айында білім бөлімі хабарласқанда жылап жібердім. “Арнаттың дүниеден өтіп кеткені қай заман?” дедім. Бұл балаларымның тірі екеніне деген сенімді күшейтті", – деді Жүсіпбекова.

Егіздің туыстары баланы өлдіге санап саудаға салып жіберді ме деп уайымдайды. Өйткені бұған дейін де мұндай бірнеше жағдай болған.

Ақтөбедегі №1 перзентхананың заңгері Роза Жұмабаева бізден ешқандай қате кеткен жоқ, балалар расымен шетіненін айтады. Ол базадан қате кетуі мүмкін дейді.

E-gov-тан екі баланың ЖСН-ын терген кезде біреуі Алматы қаласында, екіншісі Алматы облысы Қарасай ауданы Бұлақты ауылында тіркеуде екен. Алайда сол мекенжайға барған кезде ондай балалар болған жоқ. Жақын маңдағы мектептерде де оқымаған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу