Тыңайтқыш сатып алуға жұмсайтын қаржы субсидияланатын болды

638

"Қаратау" фосфорит бассейнінің кен орындарын игеру және минералды тыңайтқыш шығару зауытының құрылысын салу" жобасын іске асыру бойынша жол картасы әзірленді.

Тыңайтқыш сатып алуға жұмсайтын қаржы субсидияланатын болды

2010-2018 жылдар аралығында химия өнеркәсібі өнімдерін өндіру көлемі 104,1 млрд теңгеден 387,6 млрд теңгеге жетті. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қанат Баитов Қазақстан химия өнеркәсібінің даму көрсеткішіне арналған жиында осылай деді.

Комитет төрағасының мәлімдеуінше, есепке алынып отырған уақытта 54 жоба жүзеге асырылып, 4 мыңнан астам жұмыс орны ашылған.

"Бұл жобалар біздің елде бұрын өндірілмеген химиялық өнімдердің ассортиментін кеңейтуге мүмкіндік берді. Олардың ішінде: каустикалық сода, натрий гипохлориді, өнім жуу құралдары, лак-бояу материалдары, жарылғыш заттардың жаңа түрлері сондай-ақ агрохимия құралдары болды", – деді Қанат Баитов.

Оның сөзінше, 2010-2018 жылдар аралығында химия өнеркәсібі өнімдерінің экспорты 383 млн доллардан 783 млн долларға шарықтаған.

"Қазір отандық химия саласында 693 кәсіпорын жұмыс істейді. Оның 10-ы ірі, 13-і орта, 670-і ұсақ кәсіпорын. Химия саласындағы өндіріс көлемінің ұлғаюына "Қазфосфат" ЖШС-ның өндірістік қуатын 400 мың тоннаға арттыруы негіз болды. Жобалық қуаты 600 мың тоннаны құрайтын күкірт қышқылын өндіретін цех жұмысының жандануы да салаға серпін берді", – деді Қанат Баитов.

Комитет төрағасының мәлімдеуінше, 2020 жылға дейін күрделі минералдық тыңайтқыштар цехы қайта жаңғыртылады. Жобаны іске асыру үшін 56,1 млрд теңге жұмсалады. Нәтижесінде жылына 400 мың тонна минералды тыңайтқыш өндіріледі.

Қанат Баитовтың баяндауынша, химия өнеркәсібін дамыту аясында мемлекет осы бағыттағы өндірістік кәсіпорындарға қолдау көрсетіп отыр.

"Биыл "Қазфосфат" ЖШС-ның электр энергиясына деген қажеттілігіне "Қазақстанның Солтүстік-Оңтүстігі" транзитінен 100% квота бөлінеді. Сонымен қатар отандық тыңайтқыштарды ішкі нарықта өткізу көлемін ұлғайту үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің тыңайтқыш сатып алуға жұмсайтын қаржысы субсидияланатын болды.

"ЕВРОХИМ-Қаратау" ЖШС үшін "Қаратау" фосфорит бассейнінің кен орындарын игеру және минералды тыңайтқыш шығару зауытының құрылысын салу" жобасын іске асыру бойынша жол картасы әзірленді.

Жобаны жүзеге асыру аясында биыл маусым айында ҚР үкіметі мен РФ үкіметі арасында үкіметаралық келісімге қол қойылады. Ал "Кальцийленген сода өндіру зауытының құрылысы" жобасын іске қосу мақсатында

"АРАЛСОДА" ЖШС-ның жер қойнауын пайдалану құқығын алуға қатысты өтінімі мақұлданды. Өндірістік қалдықтарды сақтау үшін ауданы 505 га жер телімін беру бойынша шешім қабылданды.

Қазір "Достық Полимер" ЖШС, "ИНТЕРРИН" ғылыми-өндірістік кәсіпорны" ЖШС, "РимКазАгро" ЖШС сияқты 7 жобаны іске асыру бойынша пайдалану кезеңінде жалпы сомасы 60,8 млрд теңгеге 870 жұмыс орнын құру бағытында жұмыс жүріп жатыр", – деп түйді ойын комитет төрағасы.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу