Азық-түлік өндірісі 28 пайызға өсіп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Жалпы, соңғы жеті жылда ауыл шаруашылығы саласында жемісті нәтижелерге қол жеткіздік. Жалпы құны 2,7 триллион теңге болатын 1630 инвестициялық жоба іске қосылды. Агроөнеркәсіп өнімдері экспортының көлемі екі есе ұлғайып, 7 миллиард долларға жуықтады. Соның ішінде өңделген өнім үлесі 52 пайызға жетті.
Былтыр елімізде соңғы 20 жылдың ішінде алғаш рет ауыл шаруашылығына қатысты ұлттық санақ жүргізілді. Санақ кезінде цифрлық технологиялар қолданылды. Нәтижесінде ауыл шаруашылығының жай-күйі туралы жан-жақты әрі нақты мәлімет алынды. Осы саланың шынайы ахуалын көрсететін толыққанды деректер жиналды.
Жалпы, еліміздің ауыл шаруашылығындағы әлеуеті зор. Басты міндет – қолда бар мүмкіндікті тиімді пайдаланып, уақытты созбай, белсенді түрде жұмысқа кірісу керек", – деп мәлімдеді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің ІІІ форумында.