7 қараша күні Краковтың Бас базар алаңында өтіп бара жатқан адамдарға оқ жаудырған ер адам ауруханада көз жұмды. Бұл туралы полиция мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Қайғылы оқиғаға кінәлі адам бүгін таңертең ауруханада қайтыс болғанын хабарлаймыз", – делінген жазбада.
Оқиға салдарынан жарақат алған 15 адамның жағдайы өзгеріссіз қалып отыр.
7 қарашада күндіз 24 жастағы ер адам көлігімен Краковтың Бас базар алаңына басып кіріп, көшеде жүрген адамдарға оқ атқан. Салдарынан алты адам қаза тапты: төрт әйел және екі ер адам.
Тағы 15 адам жарақат алды, оның ішінде екі полиция қызметкері бар. Күдікті полициямен атыс кезінде жараланып, ауыр жағдайда ауруханаға түсті.
Кейін Польша полициясы күдіктінің үйінен оның әкесінің, анасының және қарындасының мәйіттерін анықтады. Тергеу болжамы бойынша бұл екі қылмысқа бір адамның қатысы бар.
Польша ІІМ мәліметінше, оқ атқан адам – осы елдің азаматы. Ер адамның екі атыс қаруын ұстауға рұқсаты болған.
Қаза тапқандар мен зардап шеккендер арасында Ұлыбритания, Австрия, Германия, Ресей және Португалия елдерінің азаматтары бар. Бұл туралы X әлеуметтік желісінде Польша ІІМ баспасөз хатшысы Каролина Галецка хабарлады.
Елдің премьер-министрі Дональд Туск бұл оқиғаны теракт деп атады. Президент Кароль Навроцкийдің шешімімен 8 және 9 қараша күндері елде ұлттық аза тұту жарияланды. Краковта аза тұту 11 қарашаға дейін жалғасады.
Айта кету керек, бұған дейін Польшада 24 жастағы жігіт 6 адамды атып өлтіріп, 15 адамды жаралағанын жазғанбыз.
Мемлекет басшысы Польша президентіне көңіл айтты.