Үкімет басшысы дәрі-дәрмек жеткізу мәселесін сынға алды

1274

Үкімет басшысы дәрі-дәрмек жеткізу мәселесін сынға алды

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Үкімет отырысында "СК-Фармация" компаниясының жұмысын сынға алды, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.

"Дәрі-дәрмек жеткізу ойыншық емес. Егер тендерлер уақытылы өтпесе –  мұндай ұйымдардың басшыларын жұмыстан қуу керек. Оның ойында адамдардың өмірі емес, басқа нәрсе тұр. Ондай басшыларды қуу керек!" – деді Б. Сағынтаев.

Сонымен қатар Үкімет басшысы "СК-Фармация" жұмысына соңғы кездері көп сын айтылып жүргендігін тілге тиек етті.

"Барлық жұмысты қайта ұйымдастыру қажет – олар үздіксіз, қателіксіз жұмыс жасауы керек, дәрілер әрбір науқасқа уақытылы жетіп отыруы керек. Мемлекет тарапынан тиісті қаражат бөлініп жатыр. Біз отандық бизнеске заманауи фармзауыттарды салуға жағдайлар жасадық. Қазір шетел нарықтарына да шығып жатырмыз, дәрілеріміз GMP стандарттарына сәйкес келеді. Бізде барлығы бар деуге болады, дегенмен шетелдік дәрілік заттармен проблема шығып жатыр", – деп атап өтті Премьер-Министр.

Үкімет басшысы дәл осындай мәселе медициналық құрал-жабдықтармен де орын алып жатқандығын да ескертті. "Бізде тәуір-тәуір медициналық құрылғылар шығаратын зауыттар бар. Олардан естігенім, сатып алу жүргізілген кезде әкімдер мен біздің өзге де ведомстволар отандық өнімге емес, шетелдік аналогтарды сатып алуға асығады. Сонда өз елімізде зауыттар не үшін салынды? Оларды не үшін қаржыландырдық?" – деп сөкті Бақытжан Сағынтаев.    

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу