Үкіметтің жаңа құрамынан не күтуге болады?

511

Халық қалаулысы отставкаға жіберілген министрлер кабинетінің жұмысына да бөлек тоқталды. 

Үкіметтің жаңа құрамынан не күтуге болады? Фото: www.parlam.kz

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Үкіметтің жаңа құрамынан не күтілетінін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Ескі үкімет екі жыл бойы экономиканың дамуын 5 пайыздың көлемінде ұстады. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына былтырғы Жолдауында "Біз алдағы 7 жылда ішкі жалпы өнімді кемінде екі есеге көтеруіміз керек" деп нақты тапсырма қойды. Оған жету үшін Үкімет ең кемінде 7-8 пайыз өсім көрсету керек. Қазір Үкімет ол өсімді қамтамасыз ете алмай отыр. Бірінші мәселе осы өсімді күшейту керек. Екіншіден, соңғы уақытта Үкімет өзінің мәселесінің бәрінде Ұлттық Қордағы қаражатқа сүйеніп алған тұстарын көрдік. Үшінші мәселе – бізде мемлекеттік қарыз әлі де артып келе жатыр. Оны жабудың әлі де тетіктері жоқ. Төртінші мәселе – әлі күнге дейін салықтық түсімдер бізде 16 трлн, ал бюджеттің жалпы жұмсайтын қаражаты 24 трлн. Яғни бізде бюджет дефицитке жұмыс істеп отыр", - деді депутат Мәжіліс кулуарында.

Ол Мемлекет басшысының Үкімет алдына үш негізгі мәселені қойғанын жеткізді.

"Ең бірінші – сыртқа шығарылған заңсыз, қолды болған активтердің бәрін қайтару, екіншіден, мемлекетте салықтық түсімдерді көбейту және ең негізгісі бюджетті үнемді әрі тиімді пайдалану. Менің ойымша, қазіргі Премьер-Министрдің қаржы, жемқорлық салаларындағы қызметі бюджетті толтыруға кәсіби біліктілігі жетеді", - деп жалғастырды спикер.

Тілшілер бұрынғы Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың кемшілігі неде болғанын сұрады.

"Смайыловтың тұсында экономикалық өсім болды, бюджет 24 трлн-ға көтерілді. Оның тұсында заңсыз шығарылған активтер, "Ұлттық қор – балаларға" сияқты ел үшін маңызды заңдарды қабылдадық. Смайыловтың жұмысына да Мемлекет басшысы оң баға беріп отыр. Отставкаға кетуі –Мемлекет басшысы қойып отырған мақсаттарға қазіргі Үкіметтің дәл осы қарқынмен жете алмайтынына көзі жетті. (...) Үкіметтің кейбір тұстары олқы болды. Әрине, 10 баллға татымайтын Үкімет болды", - деп түйіндеді Елнұр Бейсенбаев.

Айта кету керек, осыған дейін Мемлекет басшысы Мәжілістің жұмысына баға бергенін жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу