Қазіргі уақытта Украинаның 9 азаматы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Еліміздің Ішкі істер министрлігі Украина Ұлттық полициясымен бірлесіп, екі елдің бас прокуратураларының өзара іс-қимылы аясында ауқымды халықаралық арнайы операция өткізді.
ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбайдың айтуынша, қылмыстық топ ұзақ уақыт бойы интернет-алаяқтық әрекеттерін жүйелі түрде жүзеге асырып келген. Алдын ала мәліметтер бойынша 120-дан астам адам қаскөйлердің құрбаны болған.
Келтірілген жалпы материалдық шығын 85 млн теңгеден асып отыр.
"Қаскөйлер әлеуметтік инженерияның заманауи тәсілдерін қолданған. Олар байланыс операторларының, банктердің, құқық қорғау органдарының және мемлекеттік құрылымдардың қызметкерлері ретінде өздерін таныстырып, азаматтарды смартфондарына зиянды қосымшаларды орнатуға көндірген. Құрылғыларға қашықтан қол жеткізгеннен кейін қылмыскерлер жәбірленушілердің қаражаты мен жеке деректерін жымқырған", – дейді Жандос Сүйінбай.
Халықаралық арнайы операция аясында санкцияланған сегіз тінту жүргізілген. Соның нәтижесінде 2 элиталық автокөлік, 26 компьютер, 49 мобильді құрылғы, психологиялық ықпал ету бойынша егжей-тегжейлі нұсқаулықтар мен сценарийлер, Қазақстан Республикасының рәміздері тәркіленген.
Тергеу олардың Қазақстан Республикасы мен басқа мемлекеттердің азаматтарына қатысты интернет-алаяқтықтың өзге де эпизодтарына қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.
Бұған дейін ҚР ІІМ қырғызстандық әріптестерімен бірлесіп шекара маңында апиын таратқандардың жолын кескенін жазған едік.