Ұлттық банк: Базалық мөлшерлеме 9,00% деңгейінде сақталды

888

Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитеті базалық мөлшерлемені +/-1,0 п.т. пайыздық дәлізімен жылдық 9,00% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды inbusiness.kz бас банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ұлттық банк: Базалық мөлшерлеме 9,00% деңгейінде сақталды Фото: inbusiness.kz

Тиісінше өтімділікті ұсыну жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 10,00% және өтімділікті алу жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 8,00% болады.

Шешім қысқа мерзімді және орта мерзімді перспективада инфляция тәуекелдерінің теңгерімін ескере отырып қабылданған. Қазақстанның негізгі сауда әріптестері саналатын елдерде әлемдік азық-түлік бағаларының өсуіне және инфляцияның жеделдеуіне байланысты сыртқы инфляциялық қысымның сақталуы байқалады. Ішкі экономикада іскерлік белсенділік пен тұтынушылық сұранысты біртіндеп қалпына келтіру процесі жалғасуда.

Орта мерзімді перспективада Казақстандағы инфляцияның негізгі тәуекелдері экономиканы барынша күшті фискалдық ынталандырумен, ЖЖМ-ге ішкі бағалардың одан әрі өсуімен, әлемдік нарықтардағы бағалардың ұлғаюы нәтижесінде барынша жоғары азық-түлік инфляциясымен және ішкі азық-түлік нарығында теңгерімсіздіктің туындауымен, сондай-ақ дамыған елдердің орталық банктерінің ынталандыруды тоқтатуымен байланысты болды.

2021 жылғы мамырдың қорытындысы бойынша жылдық инфляция 7,2%-ды құрады. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен ақылы қызметтер бағасының өсуі азық-түлік нарығындағы дезинфляциялық процестермен ішінара теңестірілді.

Азық-түлік инфляциясы баяулауды жалғастырды және 2021 жылғы мамырдың қорытындысы бойынша 9,3% (2021 жылғы сәуірде 9,8%) болды. Оның ағымдағы баяулауы 2020 жылғы инфляцияның жоғары базасын есептеуден шығуға байланысты болды. Бұл ретте жекелеген тауар нарықтарында бағаның өсу үрдісі сақталуда. Қосымша проинфляциялық қысым 12 ай бойы жалғасып келе жатқан азық-түліктің әлемдік бағасының өсуіне әсер етеді. 2021 жылғы мамырда ФАО азық-түлік бағалары индексінің күрт ұлғаюы орын алды, яғни мәні 127,1 тармақты құрады (39,7%-ға өсу, ж/ж), бұл ет және сүт өнімдері бағасының қалыпты өсуі кезінде өсімдік майларына, қантқа және астыққа бағалардың күрт өзгеруіне байланысты.

Инфляцияның азық-түлікке жатпайтын құрамдас бөлігі ЖЖМ, киім-кешек пен аяқ киім бағасының өсуі нәтижесінде 2021 жылғы мамырда 6,7%-ға (2021 жылғы сәуірде 6,4%-ға) дейін жеделдеді. ЖЖМ қымбаттауы өндірушілер бағасының өсуіне, экономикалық белсенділіктің қалпына келуіне және 2020 жылы акциздер мөлшерлемесін өзгертудің кейінге қалдырылған әсеріне байланысты болды.

2021 жылғы мамырдың қорытындысы бойынша халыққа көрсетілетін ақылы қызметтер бағасының жылдық өсуі 5,1% (2021 жылғы сәуірде 4,1%) болды. Коммуналдық қызметтерге (электр энергиясы, қоқыс шығару) және жолаушылар көлігі қызметтеріне бағаның өсуі байқалады. Сонымен қатар, 2021 жылғы сәуір-мамырда карантиндік шектеулерді жеңілдету және халықты жаппай вакцинациялау жағдайларында сұраныстың артуы аясындағы жекелеген реттелмейтін қызметтерге бағаның өсуі байқалады.
 

Халықтың инфляциялық күтулері экономикалық ахуалдың жақсаруы және жаппай вакцинациялау аясында респонденттердің жауаптарындағы белгісіздіктің төмендеуі нәтижесінде төмендеді. 2021 жылғы мамырда инфляцияның сандық бағасы бір жыл бұрын 6,6% (2021 жылғы сәуірде 7,2%) болды. Келесі 12 ай ішінде бағаның ағымдағы өсуінің сақталуын күтетін респонденттердің үлесі 42%-ға дейін (2021 жылғы сәуірде - 26%) өсті.

Ұлттық банктің бағалауы бойынша 2021 жылдың қорытындысы бойынша инфляцияның баяулау деңгейінің төмендеуі оның мақсатты 4-6% дәлізден асып кетуіне әкелуі мүмкін. Инфляция болжамын қайта қараудың негізгі факторлары ретінде 2021 жылдың 5 айында ЖЖМ бағасының өсуі, энергия өндіруші ұйымдар тарифтерінің ұлғаюы, сондай-ақ сыртқы инфляциялық қысымның сақталуы болды. Бұл ретте республикалық бюджетті нақтылауға байланысты қосымша фискалдық серпіннің әсері 2021 және 2022 жылдар арасында қайта бөлінетін болады. Тұрақтанбаған инфляциялық күтулер аясында қысқа мерзімді проинфляциялық факторлардың қайталама инфляциялық әсерін іске асырудың жоғары ықтималдығын атап өткен жөн. Нәтижесінде ол инфляцияның таргеттелетін аралықта баяулауының барынша ұзақ кезеңіне алып келуі мүмкін.

2022 жылы жоғарыда көрсетілген ішкі орта факторлары әсерінің сарқылуы және сыртқы инфляциялық қысымның әлсіреуі болжанады. Қытай мен ЕО-дағы инфляцияның алға қойған нысаналы деңгейлеріне қол жеткізбеу және әлемдік азық-түлік бағаларының біртіндеп төмендеуімен Ресейдегі инфляция 4% деңгейінде тұрақталауы күтілуде. Негізгі сауда әріптес елдерінен азық-түлік пен азық-түлікке жатпайтын импорттың жоғары үлесін ескере отырып, бұл елдердегі инфляцияның біртіндеп тұрақтануы Қазақстандағы инфляцияны бәсеңдетуге және мақсатты 4-6% деңгейіне енуге көмектеседі.

Экономиканың нақты секторындағы ахуалдың біртіндеп жақсаруы жалғасуда. 2021 жылғы қаңтар-сәуірдің қорытындысы бойынша ІЖӨ өсімі жылдық мәнде 0,7%-ды құрады. Саудада (5,7%-ға өсу), көлікте (төмендеу жылдамдығының -9,0% дейін баяулау) қалпына келтіру серпіні байқалады. Өңдеу өнеркәсібінде (7,7%), құрылыста (12,5%), ақпарат пен байланыста (11,1%) өсу қарқынының жеделдеуі байқалды.

Халықтың тұтынушылық белсенділігінің қалпына келуі байқалады. Бұл 2020 жылғы наурыздан бастап алғаш рет өсу аймағына (6,2%, ж/ж) енген биылғы жылғы қаңтар-сәуірдегі бөлшек тауар айналымы серпінінің жеделдеуімен расталады. Жалдамалы қызметкерлер жалақысының артуы және зейнетақы мен шәкіртақыға бөлінетін бюджет шығыстарының өсуі нәтижесінде халықтың жан басына шаққандағы нақты орташа табысының 3,4%-ға өсуі 2021 жылғы бірінші тоқсанда үй шаруашылықтарын тұтынудың өсуіне қолдау болды.

Әлемдік экономикадағы жағдай оң серпінде қалыптасып отыр. Әлемде 2 миллиардтан астам дозада вакцина енгізу аясында эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруына байланысты вакцинация деңгейі жоғары елдерде карантиндік шектеулерді біртіндеп жеңілдету басталды. Бұл фактор бірқатар ірі елдердің қарқынды ағымдағы экономикалық өсуімен бірге әлемдік экономиканың дамуына қатысты халықаралық ұйымдардың болжамдарын қайта қарауға алып келді. ХВҚ 2021 жылға әлемдік экономиканың өсу болжамын 5,5%-дан 6,0%-ға дейін көтерді.

Қазақстанның сауда әріптесі болып табылатын елдер бойынша ХВҚ болжамдары да жақсару жағына қарай қайта қаралды. Вакциналау бағдарламаларын өрістету және шектеу шараларын алып тастау нәтижесінде 2021 жылы ЕО экономикасы 4,4%-ға өседі деп күтілуде. Болжамдарға сәйкес, Қытайдың ІЖӨ 8,4%-ға өседі, алайда қазіргі уақытта шикізатты жеткізуге және шығындарының өсуіне байланысты байқалып отырған проблемалар экономикалық өсуге қысым көрсетуі мүмкін. Болжам бойынша, биылғы жылы Ресей экономикасы 3,8%-ға ұлғаяды.

Қазақстанның негізгі сауда әріптесі болып табылатын елдерде инфляциялық процестердің жеделдеуі байқалады. Қытайда 2021 жылғы сәуірде жылдық инфляция 0,9%-ға дейін жеделдеді, бұл ретте нысаналы мәннен 3% төмен қалыптасты. ЕО-да 2021 жылғы сәуірде бағаның өсуі таргет деңгейінде қалыптаса отырып, 2%-ға жетті. Ресейде 2021 жылғы наурызда сұраныстың кеңеюі аясында инфляциялық қысымның жоғарылауы нәтижесінде қол жеткізілген жоғарғы деңгейден кейін 2021 жылғы сәуірде жылдық инфляция 5,5% деңгейінде қалыптасты. Әлемнің ең ірі экономикасы – АҚШ-та инфляция экономикалық қызметтің қалпына келуі және фискалды ынталандырудың аясында тұтыну инфляциясының жаһандық жеделдеу үрдісін көрсете отырып, 4,2%-ға дейін жеделдеді.

Әлемдік мұнай нарығындағы ахуал жақсарып келеді. 2021 жылғы маусым айының басында Brent сұрыпты мұнайдың әлемдік бағасы бір баррель үшін 71 АҚШ долларынан асты. Елдер жүргізетін вакциналау нәтижесінде сұраныстың жылдам өсуімен, сондай-ақ жуырда мұнай өндіруді біртіндеп ұлғайту жөнінде қабылданған шешім аясында ОПЕК+ елдерінен мұнайдың барынша қалыпты ұсынысымен баға бірқалыпты болады.

EIA бағалауы бойынша, ОПЕК+тен тыс елдерде мұнай өндіруді біртіндеп өсіру нәтижесінде мұнай бағасы 2021 жылғы екінші тоқсаннан кейінгі ағымдағы мәндерден шамалы төмендейтін болады. 2021-2022 жылдар ішінде Brent сұрыпты мұнай бағасы бір баррель үшін шамамен 60 АҚШ доллары деңгейінде болады.

Әлемдегі ағымдағы эпидемиологиялық ахуалды және халықаралық ұйымдардың болжамдарын назарға ала отырып, Ұлттық Банк ағымдағы болжамды раундтың базалық сценарий шеңберінде Brent сұрыпты мұнайдың бағасын қайта қарап, оны 2021-2022 жылдары орташа есеппен 60 АҚШ долларына дейін көтерді.

Ұлттық банктің жаңартылған болжамдарына сәйкес Қазақстан экономикасының өсуі бойынша бағалар жоғарылау жағына қарай қайта қаралды. 2021 жылы экономиканың өсуі 3,6-3,9% деңгейінде, 2022 жылы 4,0-4,3% шегінде күтіледі. Биылғы жылғы мұнайдың жоғары сценарийлік бағасы және бюджет шығыстарын ұлғаю жағына қарай қайта қарау аясында оң фискалдық серпінді кеңейту қайта қараудың басты факторларына айналды. Экономикадағы іскерлік белсенділіктің барынша тез қалпына келуі, сондай-ақ халық нақты табысының өсуі экономиканың өсу драйвері болатын жиынтық сұраныстың кеңеюіне ықпал етеді. Сонымен қатар, ІЖӨ серпінінің тежеуші әсері импорттың біртіндеп артуы болады. 2021 жылдың екінші жартысында экспортты қалпына келтіру ОПЕК+ шектеулерінің жеңілдеуіне қарай мұнай өндіру көлемінің ұлғаюына, Қазақстанның экспорттық тауарларына сыртқы сұраныстың өсуіне байланысты болады.

Эпидемиологиялық жағдайды жақсарту аясында ішкі сұраныстың өсу қарқынын сақтау және ОПЕК+ мәмілесі шеңберіндегі шектеулерді ары қарай жеңілдету бойынша экспортты кеңейту 2022 жылы экономиканың өсуін одан әрі жеделдетуге ықпал ететін болады.

Базалық мөлшерлеменің ағымдағы деңгейі инфляциялық процестердің серпінін бақылауды сақтауға және орташа мерзімді кезеңде жылдық инфляцияның біртіндеп төмендеуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Инфляцияның баяулауына қарай монетарлық талаптар орта мерзімді перспективада бейтарап мәндерге жуық болады.

Базалық мөлшерлеме жөніндегі кейінгі шешімдер нақты инфляцияның нысаналы бағдарларына, инфляциялық күтулер серпініне, сұранысты қалпына келтіру қарқынына, сондай-ақ сыртқы және ішкі нарықтардағы инфляциялық тәуекелдер теңгеріміне сәйкестігін ескере отырып қабылданатын болады. Инфляциялық факторлар тарапынан тәуекелдер жүзеге асырылу және дезинфляцияның болжамды бағалаулармен салыстырғанда барынша баяу серпіні жағдайында Ұлттық Банк ақша-кредит талаптарын күшейту туралы шешім қабылдайды.

Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2021 жылғы 26 маусымда Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша 15:00-де жарияланатын болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу