Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16%-ға дейін төмендетті

458

Жылдық инфляция баяулап келеді.

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16%-ға дейін төмендетті Фото: nb.kz

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16%-ға дейін төмендетті. Мұндай шешімге инфляцияның баяулауы себеп. Сонымен қатар Ақша-кредит саясаты комитеті сыртқы инфляциялық қысым төмендегенін айтады. Яғни баға өсіміне және ұлттық валютаға әсер ететін факторлар мен тәуекелдер азайды деген сөз.

Базалық мөлшерлемеге қатысты бүгінгі шешімге инфляциялық процестердің оң динамикасы әсер еткен. Яғни жылдық инфляция баяулап келеді. Базалық инфляция мен маусымдық факторды ескермейтін инфляция көрсеткіштері тұрақтана бастаған.

"Инфляциялық күтулер құбылмалылығын сақтап, жоғары деңгейде қалыптасуда. Сыртқы инфляция баяулап, оң қалыптасты. Осыған азық-түлік нарығындағы әлемдік бағалардың төмендеуі мен орталық банктердің баға тұрақтылығын қамтамасыз ету саясаты ықпал етуде", - дейді ҚР Ұлттық Банкінің Төрағасы Тимур Сүлейменов.

Бірақ, ескерілуге тиіс тәуекелдер де бар. Атап айтқанда: әлемдегі базалық инфляцияның тұрақтылығы, бірқатар сауда-серіктес елдер тарапынан инфляциялық қысымының артуы, мұнай бағасының жаһандық инфляцияға әсер етуі және геосаяси тәуекелдердің күшеюі. Сондықтан Ұлттық банктің ақша-кредит саясатын жыл соңына дейін тағы жұмсарту ықтималдығы төмен дейді  реттеуші органның басшысы.

"Ұлттық Банктің басты міндеті  бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету. Біз ортамерзімді келешекте инфляцияны 5%-тік белгіленген мақсатқа жеткізуге барлық күш-жігерімізді жұмсаймыз. Базалық ставка жөніндегі келесі шешім болжамды раундтың қорытындысына негізделетін болады", - дейді ҚР Ұлттық Банкінің Төрағасы Тимур Сүлейменов.

Ұлттық банк дезинфляциялық ақша-кредит саясатын жүргізуді жалғастыра бермек. Қазір экономиканың өсімі де реттеуші органның болжамдарына сәйкес қалыптасып отыр. Демек, реттеушінің қабылдаған шаралары тиімділігін көрсетуде. Ал, Тимур Сүлейменов фискалды және ақша-кредит саясатын үйлестіре түсу үшін Қазақстан Үкіметімен бірлесіп жұмыс жүргізуге ниеттіміз дейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу