Ұлттық банк базалық мөлшерлемені бұрынғы деңгейінде қалдырды

813

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені бұрынғы деңгейінде қалдырды

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі базалық мөлшерлемені +/-1% дәлізбен 12% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады.

ҚР Ұлттық банк атап өткендей, 2016 жылдың қорытындысы бойынша инфляцияның белгіленген дәлізден асып кетуіне қарамастан, нысаналы өлшемдерге қол жеткізу жақын арадағы бір-екі айда күтілуде.

"Оның жылдамдатылуына немесе құбылмалылығына ықпал ететін факторлардың әлсіреуі, елдегі іскерлік белсенділіктің аздап қалпына келуі, әлемдік нарықтардағы белгісіздіктің азаюы және 2016 жылғы соңғы айлардағы сауда жағдайының салыстырмалы жақсаруы аясында үрдістің макроэкономикалық деректермен расталуына қарай ақша-кредит саясатының одан әрі жұмсару ықтималы арта түседі"

Бас банктің мәлімдеуінше, базалық мөлшерлеме бойынша шешім мынадай факторлар ескеріле отырып қабылданды.

"2016 жылы жылдық инфляция 8,5%-ды құрады, бұл Ұлттық Банктің бағалауына және 2016 жылдың қорытындысы бойынша жылдық инфляция 6-8% нысаналы дәліздің жоғары шегіне жақындайды деген алдыңғы мәлімдемелерге сәйкес келеді. Ұлттық Банктің ағымдағы бағалауына сәйкес қаңтар-ақпан айлары ішінде инфляция нысаналы дәліздің шегіне кіреді. 2017 жылдың келесі айларында инфляция айтарлықтай төмендеуін көрсетпейді, дегенмен, жағымсыз күйзелістер болмаған кезде нысаналы дәліздің шегінде болады. 2017 жылдың соңында жылдық инфляцияның 7,3-7,7% шегінде болатыны күтілуде".

Халықтың инфляциялық күтулері, соңғы жүргізілген пікіртерімге сәйкес төмендеуде. Респонденттердің 2016 жылғы желтоқсанда бағаның айтарлықтай өсуге қатысты қауіптері ақталған жоқ, бұдан әрі респонденттер инфляциялық процестердің жедел болуын күтпейді. Түбегейлі факторлар теңгенің одан әрі нығаю әлеуеті туралы растайды.

"Экономиканың базалық салаларының дамуын көрсететін қысқамерзімді экономикалық индикатор 2016 жылғы қаңтар-қарашада 100,5% болды, бұл іскерлік белсенділіктің жақсару үрдісіне сәйкес келеді. Оң үрдістердің болуына қарамастан, елдің экономикалық дамуы үшін әлеуетті тәуекелдері бар сыртқы күйзелістердің әлі де туындау ықтималдылығы бар. Олардың ішінде әлемдік мұнай нарығындағы осалдықтардың болуын, сондай-ақ сауда әріптестері елдерінің экономикаларын қалпына келтіру жылдамдығын атап өткен жөн. Әлеуметтік төлемдерге бюджеттік шығыстардың жоспарланған өсуі инфляциялық қысымның күшеюіне әкелуі мүмкін. Сондықтан Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені бұрынғы деңгейде сақтауды қажет деп санайды", – делінген таратылған хабарламада.

Базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешім 2017 жылғы 20 ақпанда Астана уақыты бойынша 17.00-де жарияланады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу