Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтеру циклін аяқтауға жақындап қалды

Тәуекелдер әлі де жоғары. 

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтеру циклін аяқтауға жақындап қалды Фото: nur.kz

Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz.

"Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты комитеті 2023 жылғы 16 қаңтардан бастап базалық мөлшерлемені 16,75% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады. Алдыңғы шешімде біз базалық мөлшерлемені көтеру циклін аяқтауға жақындап, жаңа проинфляциялық шоктар болмаса, ақша-кредит саясатын күшейту ықтималдығын төмен деп бағалағанымызды білесіздер", – деді Пірматов.

Жылдық және айлық инфляция да, экономикалық өсу динамикасы да базалық болжам траекториясы шегінде қалыптасып отыр.

"2022 жылдың желтоқсан айындағы жылдық инфляцияның артуы алдыңғы шешімде ескерілген болатын. Осыған байланысты Ақша-кредит саясаты комитетінің соңғы отырысында базалық мөлшерлемені қайта қарау қажеттілігі болған жоқ. Алайда, тәуекелдер балансы әлі де жоғары инфляция жағына ығысқан. Инфляцияның орнықты бөлігі мен тарихи максимумды жаңартқан инфляциялық күтулер бұрынғыдай алаңдаушылық туғызып отыр. Логистикалық жеткізу жолдарының құрылымдық өзгеруі де экономикаға кері әсер етуде", – деді Ұлттық банк төрағасы.

Бұл ретте ол қазіргі инфляция деңгейі базалық мөлшерлемені ұзақ уақыт бойы ағымдағы деңгейлерде ұстап тұруды талап ететінін жеткізді.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу