Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/– 1 п.т. дәлізімен жылдық 16,5%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдады.
Шешім Ұлттық Банктің жаңартылған болжамдары, деректерді талдау және инфляция тәуекелдерінің теңгерімін бағалау негізінде қабылданды.
"Сыртқы ортада инфляциялық қысым біртіндеп әлсіреп келеді. Көптеген елде орталық банктердің баға тұрақтылығын қамтамасыз ету саясаты нәтиже беріп, инфляция баяулай бастады. Алайда инфляцияның орнықты болып қалу себебінен мөлшерлемені төмендету мерзімі дамыған елдерде кейінге қалды. Әлемнің азық-түлік нарықтарында баға мен логистикалық шығындар төмендеп келеді", – деп хабарлады бас банк.
Дегенмен экономикада кеңейіп келе жатқан фискалдық ынталандыру, орнықты ішкі сұраныс, жоғары және тұрақсыз инфляциялық күтулер, сондай-ақ өндіріс шығындарының өсуі жағынан проинфляциялық қысым сақталып отыр.
Жанар-жағармай (ЖЖМ) құнын өсіруден орын алған жанама әсер байыпты көрініс алуда, бұл теңге бағамының динамикасымен ішінара өтелуімен байланысты.
"Осылайша сыртқы факторлар тарапынан қысымның біршама әлсіреуі есебінен тәуекелдердің жиынтық балансы әлсіз дезинфляциялық аймақта қалып отыр. Нақты инфляция мен оның орнықты бөлігі одан әрі бәсеңдеген сайын базалық мөлшерлемені біртіндеп және байыпты төмендету саясаты жалғасады. Төмендету мүмкіндігі екінші жартыжылдықта фискалдық ынталандырудың ықтималды жеделдеу тәуекелдерімен шектелуде", – деп хабарлады реттеуші.
Инфляциялық процестер үздіксіз баяулап келеді. Жылдық инфляция 2023 жылғы шілдеде 14%-ды құрады. Бағалар өсімінде тауар бөлігінің қарқыны бәсеңдей бастады. ЖЖМ бағасын арттырудан болған жанама әсер ағымдағы инфляцияда толық көрініс тапқан жоқ. Бұл теңге бағамының динамикасымен ішінара өтелуімен байланысты. Шілдеде қызметтер инфляциясы біршама қарқын алды. Өңірлер бөлігінде тұрғын үй коммуналдық қызметінің (ТКҚ) тарифтері өсті. Реттелмейтін қызмет құнының өскені де байқалды, бұл орнықты сұранысты көрсетіп отыр.
2023 жылғы шілдеде айлық инфляция орташа тарихи көрсеткіштерден жоғары қалыптаса отырып, 0,6%-ға дейін біршама жеделдеді. Базалық және маусымдық факторларды ескермейтін инфляция көрсеткіштері бір деңгейде тіркеліп, баяулаған жоқ. Бұл ішкі сұраныстан қолдау тапқан баға өсуінің тұрақты сипатын көрсетеді. Тауарлар мен қызметтердің құнына әсер ететін өндірістегі жоғары шығындардың сақталуы – қосымша фактор.