Ұлттық Банк Төрағасы Ғалымжан Пірматов Базалық мөлшерлеме мен қазіргі ақша-кредит саясаты туралы айтты.
"Қазір команда біздің болжамдарымызды қайта жаңарту тұрғысында жұмыс істеп жатыр. Осы болжамдық раундтың қорытындысы бойынша деректер мен бірқатар макроэкономкалық факторларға сүйене отырып, шешім қабылдаймыз. Қажеттілік туындайтын болса, базалық мөлшерлемені тағы да көтеруге әзірміз. Ол шешімді 5 желтоқсанда жариялаймыз. Біз қашан да шешім қабылдарда негізгі макроэкономикалық параметрлер бойынша болжамдарды, инфляциялық күтулерді және басқа да факторларды назарға аламыз", - деді Ұлттық Банк басшысы.
Ол сондай-ақ, базалық мөлшерлеме төңірегіндегі пікірталас туралы да пікір білдірді.
"Жалпы, өз басым базалық мөлшерлемеге қатысты пікірталастың кәсіби ортада болғанын құптаймын. Біздің шешімдеріміздің түпкі мәнін нарықтағы кәсіби қатысушылардың күннен күнге түсіне бастағанын көріп отырмын. Мөлшерлемені тым төмен деңгейде дейтіндер де, керісінше, оны тым жоғары көретіндер де бар. Дегенмен, кәсіби ортадағы пікірталастарға қарап, ақпараттандырылудың әлдеқайда жоғары екенін байқап отырмыз. Біз бұны құптаймыз", - деді Ғалымжан Пірматов.
Ұлттық Банк төрағасы сонымен бірге, 11 зерттеу ұйымы қатысатын кәсіби макроэкономистер арасында тұрақты сауалнама жүргізуді де қолға алғанын да хабарлады.