Ұлттық Банк жанынан Цифрлық активтер және төлем жүйелері комитеті құрылады

426

Ол инновациялық жобаларды сүйемелдеуді біріктіреді.      

Ұлттық Банк жанынан Цифрлық активтер және төлем жүйелері комитеті құрылады Фото: AI Atameken Business

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Цифрлық активтер және төлем жүйелері комитеті құрылатынын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Тимур Сүлейменов цифрлық активтер нарығын дамытуға қатысты негізгі практикалық шараларды атап өтті.

Біріншісі – лицензияланған провайдерлердің функциясын кеңейту. Нарықта толық циклді компаниялар пайда болуға тиіс. Олар цифрлық активтерді шығарады, сатады, айырбастайды және сақтайды.

Сондай-ақ есеп айырысуды жүргізеді. Операцияларға банктер, брокерлер және басқа қаржы ұйымдары кеңінен тартылады, деп түсіндірді Ұлттық банк басшысы.

"Екіншісі – Қазақстанда шығарылған стейблкоиндерді пайдалану. Олар тауарлар мен қызметтерге ақы төлеуде, экспорттық-импорттық операцияларда және трансшекаралық аударымдарда қолданылады. Бұл есеп айырысуды жеделдетіп, бизнес шығындарын азайтады. Үшіншісі – орталықтандырылмаған қаржыны реттеу тәсілдерін әзірлеу. DeFi бизнес-модельдеріне талдау жүргізіліп, оның үздік артықшылықтары – жылдамдық пен смарт-механизмдерді жаңа бағдарламаланатын сервистерді енгізу көзделеді", – деп түсіндірді Тимур Сүлейменов.

Төртіншісі – цифрлық майнингті дамыту. Майнинг үшін жалпы энергия жүйесіне қосымша жүктеме түсірмейтін пайдаланылмайтын, автономды және жаңартылған энергия көздерін пайдалану ұсынылады.

"Бесіншісі – арнайы салық режимін құру, оның ішінде 2026-2028 жылдары қазақстандық провайдерлер арқылы жасалған операциялар бойынша жеке тұлғалардың кірісін жеке табыс салығынан босату. Алтыншысы – Ұлттық Банктің жанынан Цифрлық активтер және төлем жүйелері комитетін құру. Ол саясатты әзірлеуді, лицензиялауды, қадағалауды, талдауды және инновациялық жобаларды сүйемелдеуді біріктіреді", – деді Ұлттық банк төрағасы.

Айта кету керек, бұған дейін үш криптоактивке арналған жаңа ETF бойынша 1 млрд теңгеге 650 операция жасалғанын жазғанбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу