Бұл туралы Құрылтай депутаты Үнзила Шапақ Құрылтайдың жалпы отырысынан кейін өткен брифингте айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Жекелеген министрлер, квазимемлекеттік сектор, ұлттық компаниялардың басшыларының есебіне байланысты тетіктер бар. Біріншіден, біз үш жыл сайынғы бюджеттің атқарылуын жыл сайын қабылдап отырамыз. Ол кезде жекелеген министрлер сұрақтар бойынша келеді және соның аясында квазимемлекеттік секторға, мемлекеттік, ұлттық компанияларға қатысты болса, олардың басшылары келеді. Екінші кезекте бізде Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы екі рет баяндама есеп береді, соның бірі жылдық бюджеттің атқарылуына қатысты болса, екіншісі жекелеген тақырып бойынша аудиторлық қорытындыға байланысты болады", – деді Құрылтай депутаты журналистердің сауалына берген жауабында.
Мәселен, квазимемлекеттік сектордың жұмысының нәтижелілігі, ұлттық компания қаражатының жұмсалуы, мемлекет тарапынан қолданылған іс-шаралардың нәтижелілігі деген сияқты жекелеген тақырыптар бойынша аудиторлық есеп алынады. Үнзила Шапақ осы жағдайда квазимемлекеттік сектордың басшысы, ұлттық компания басшылары Құрылтайға келетінін айтты.
"Соның ішінде "Самұрық-Қазына" компаниясын да жатқызуға болады. Үшінші мәселе Конституциялық заңға негізделе отырып, жекелеген Үкімет мүшесінің қызметінің есебін тыңдауға да құқығымыз бар. Оны тыңдап қана қоймай, нәтижесінде белгілі конституциялық жауапкершілікке шақыру мәселесі де көзделген. Осы шеңберде де квазимемлекеттік сектордың, ұлттық компаниялардың басшылары келіп, жауап береді. Депутаттар тарапынан қосымша сұрақтар қойылатын болады. Осындай тетіктердің рәсімдері регламенттің ішінде де көзделген", – деп атап өтті Үнзила Шапақ.
Айта кету керек, бұған дейін Құрылтай депутаттары заң жобаларын үш оқылымда қарайтынын жазған болатынбыз.