2024 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы шеңберінде Қазақстан бойынша 7 миллионға жуық балаға қаржы түскен. Ал Жамбыл облысында 472 мың 426 балаға Ұлттық қордан 47 миллион 488 мың 262 теңге тиесілі төлем бөлінген болатын, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Биыл жамбылдық 21 626 жасөспірім 19 жасқа келіп, 2 миллион 173 мың 846 теңге нысаналы қаражаттарын алып үлгерген.
"Өткен жылдан басталған "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы өте жақсы бастама болды. Оны баланың білім алуына немесе баспаналы болуына жұмсау үшін қолға берілмей, сақталатыны да ұтымды болды. Әйтпесе, қолға түскен ақша жұмсалып кететіні белгілі. Нақты мақсат, баланың болашағы үшін берілген қаржы оның өз мүддесіне жұмсалғаны жөн. Тіпті, доллармен сақталып, алдағы уақытта құнсызданбаудың қамы ойластырылғаны да қуантады, – дейді Тараз қаласының тұрғыны, көпбалалы ана Ғазиза Садуақасқызы.
Ал бүгінде Алматы қаласында білім алып жүрген тараздық Диана Мадиярбек Ұлттық қордан өткен жылы бөлінген қаржыны болашақта үй алуға пайдаланғанды дұрыс көріпті.
"Ол қаржы негізі балалардың оқуына немесе баспаналы болуына арналған. Биыл жоғары оқу орынына мемлекеттік грантпен түстім. Сондықтан Ұлттық қордан берілген ақшаны "Отбасы банкінен" жеке есепшотымды ашып, соған аударттым. Сол есепшотыма шәкіртақымнан да салып отырамын. Бұйыртса, болашақта өз баспанамды алуға мүмкіндігім болады", – дейді Диана Мадиярбек.