Бұл туралы Ұлттық Банк төрағасы Тимур Сүлейменов Мәжілістің жалпы отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сөзінше, биыл жаһандық экономиканың дамуына геосаяси тұрақсыздық ықпал етіп келеді. Бұл бірқатар әскери қақтығыстарға, әлемдегі сауда-саттық пен инвестициялардың төмендеуіне байланысты.
"Қазақстанды алсақ, қазіргі экономикалық жағдай – тұрақты, динамика – оң. Биыл қаңтар-қыркүйек айларында жалпы ішкі өнім 4,0%-ке артты. Экономиканың барлық секторында өнім шығаруда өсім бар. Ең жоғары өсім ауыл шаруашылығында, құрылыс пен көлік саласында байқалып отыр. Инфляция біртіндеп төмендеп келеді. Қыркүйектің қорытындысы бойынша инфляция деңгейі 8,3% болды. Бұл 2023 жылғы ең жоғары көрсеткішпен салыстырғанда 2,5 есе төмен. Алайда, бұл көрсеткіш Ұлттық Банктің 5%-тік таргетінен әлі де алыс. Инфляцияның баяулау үрдісіндегі маңызды фактор – азық-түлік тауарлары инфляциясының 5% деңгейінде тұрақтануы. Алайда, азық-түлікке жатпайын тауарлар инфляциясының баяулау қарқыны төмендеп, 7,6% құрады", - деді Тимур Сүлейменов.
Сөзінше, киім, аяқкиім, жиһаз және күнделікті тұрмыста қолданылатын заттар, көмір, фармацевтикалық өнім, отандық жеңіл автомобильдер мен аудиовизуалды жабдықтар бағасының өсу қарқыны жоғары болып тұр.
"Ақылы қызметтер инфляциясы өсуін жалғастырып, 13,6%-ті құрады. Жалпы, инфляция динамикасы Ұлттық Банктің болжамына сәйкес келеді. Инфляцияның төмендеуі – ұстамды қатаң ақша-кредит саясатына, Үкіметтің инфляцияға қарсы шараларына байланысты. Осыған орай Ұлттық Банк биыл жыл басынан бері базалық мөлшерлемені төрт рет төмендетті. Яғни, базалық мөлшерлеме 15,75%-тен 150 базистік тармаққа – 14,25%-ке дейін төмендеді. Біздің болжамымыз бойынша, 2025 жылы инфляция 5,5-7,5% дәлізінде қалыптасады. 2026 жылы таргетке жақындап, 5%-тен 7%-ке дейінгі аралықта қалыптасады", - деді ол.
Ұлттық банк басшысы тәуекелдерді де атап өтті.
"Біз мұнайға жатпайтын тапшылықтың жоғары күйінде қалғанын көріп отырмыз, бұл ретте жалпы тапшылықты жабу үшін бюджет – Ұлттық қордың трансферттеріне сүйенеді. Ұлттық қорға қаражаттың түсуі мен оны алуда – баланс теріс. Яғни, қаражатты алу қаражаттың түсуінен асып отыр. Мұндай жағдайда, Ұлттық қор қаражатын көбейтетін жалғыз фактор – инвестициялық кіріс. Ол биыл тоғыз айда 10,27% немесе 6,16 млрд доллар болды. Тек осының арқасында Ұлттық қордың активтері жыл басынан бері 4,5%-ке өсіп, 62,7 млрд долларға жетті. Жалпы алғанда, биыл Ұлттық қордан берілетін тікелей трансферттер көлемі 5,6 трлн теңгені құрады. Осыған ұқсас деңгей, яғни 5,3 трлн теңге келер жылдың бюджетінде қарастырылды. Енді Ұлттық қордан берілетін тікелей трансферттер мен басқа алымдар көлемі барлық ақша массасының шамамен 16%-тін құрайды. Теріс әлеуметтік ықпалдан басқа, мұның бәрі ақша және валюта нарығына қысым көрсетеді, валюта бағамын бұрмалайды, отандық бизнеске кедергі келтіреді, экономиканың "голландтық ауруға" шалдығуына әкелуі мүмкін", - деді Тимур Сүлейменов.
Айтуынша, бұл – проинфляциялық фактор.