Астанада қоғамдық тәртіпті күзету кезінде Ұлттық ұланның әскери қызметшілері жоғалған үш жасар баланы тауып, оны ата-анасына аман-есен табыстады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оқиға кешкі сағат 20:00 шамасында елорда көшелерінің бірінде болған. Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының әскери жасағы патрульдеу кезінде көшеде жалғыз жүрген кішкентай баланы байқайды.
Әскери жасақ бастығы, қатардағы жауынгер Ертілек Беркінов пен патрульдеуші сарбаздар Әсет Болат және Қалтай Әліп баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, оның жеке басын анықтау және жақындарын іздеу жұмыстарын дереу бастаған.
Жедел жүргізілген іздестіру шараларының нәтижесінде баланың ата-анасы табылып, үш жасар бүлдіршін оларға аман-есен тапсырылды.
Баланың ата-анасы Ұлттық ұлан әскери қызметшілеріне қырағылығы мен жедел әрекеті үшін алғыс білдірді.
Ұлттық ұланның мәліметінше, құқықтық тәртіп әскерінің жауынгерлері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етумен қатар, азаматтардың қауіпсіздігін сақтау бағытында да жедел көмек көрсетуге әрдайым дайын.