Ұлттық ұлан офицері Балқаш көлінде суға батып бара жатқан баланы құтқарды

447

Оқиға 15 шілде күні сағат 15:30 шамасында болған.  

Ұлттық ұлан офицері Балқаш көлінде суға батып бара жатқан баланы құтқарды Фото: ҚР Ұлттық ұланы телеграм

Қарағанды облысында Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшісі суға батып бара жатқан баланы құтқарып қалды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Оқиға 15 шілде күні сағат 15:30 шамасында Қарағанды облысының Шұбартүбек кентіндегі Балқаш көлінің жағажайында болған.

Алғаш болып көмекке "Орталық" өңірлік қолбасшылығына қарасты 5510 әскери бөлімінің броньды танк қызметінің бастығы, майор Дияр Жақыпов келген. Оқиға кезінде офицер еңбек демалысында болып, отбасымен бірге көл жағасында демалып жүрген.

– Біз отбасымызбен жағажайда демалып жатқанбыз. Кенет: "Көмектесіңдер! Баламды құтқарыңдаршы!" деп айқайлаған әйел адамның шарасыз даусын естідім. Бірден жүгіріп барсам, бір бала суға батып бара жатыр екен. Баланың бөтені жоқ қой. Ойланбастан суға секірдім де, жылдам жүзіп бардым. Адам өмірінен артық қандай құндылық бар?! Сол кездегі бар ойым – уақыт жоғалтпай баланы құтқару болды. Шүкір, аман-есен жағаға шығарып, анасына тапсырдым,– дейді майор Дияр Жақыпов.

Офицердің жедел әрі батыл әрекетінің арқасында қайғылы жағдайдың алдын алу мүмкін болды. Қазіргі уақытта баланың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, жағдайы жақсы.

Ұлттық ұлан азаматтарды су айдындарында қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға және өздерінің әрі жақындарының қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу