Көкшетаудағы ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5510 әскери бөлімінде әскери қызметшілердің тамақтануын цифрлық бақылауға мүмкіндік беретін жоба іске қосылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Енді әскери қызметші асханадағы арнайы құрылғы арқылы өзі тұтынған тағамның мөлшерін, калориясын, сондай-ақ ақуыз, май және көмірсу көлемін біле алады. Сонымен қатар әр тағамға баға беруге мүмкіндік бар.
Ас үлестіру желісіне орнатылған FoodPos құрылғысы жергілікті жасанды интеллект көмегімен ыдыстағы тағамдарды танып, олардың көлемін анықтайды. Жиналған мәліметтер цифрлық талдауға енгізіліп, әскери қызметшілердің тағамға қатысты қалауын ескеруге және қажет болған жағдайда ас мәзірін өзгертуге мүмкіндік береді.
Жүйеде кері байланыс тетігі де қарастырылған. Егер белгілі бір тағамдар үнемі төмен бағаланса немесе оның едәуір бөлігі желінбей қалса, бұл ақпарат келесі мәзірді әзірлеу кезінде ескеріледі. Пилоттық жоба іске қосылған алғашқы айларда Q-Voice цифрлық кері байланыс панелі арқылы 1,5 мыңға жуық баға берілген.
"E-Qamqorlyq" бағдарламалық-аппараттық кешені тамақтануды ұйымдастырудың басқа да процестерін бақылауға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, Q-Store қоймадағы азық-түліктің есебін жүргізіп, жарамдылық мерзімін бақылайды. Q-HACCP температура, ылғалдылық және санитариялық талаптардың сақталуын қадағалайды. Ал Q-Staff асхана қызметкерлерінің жұмыс уақыты мен медициналық рұқсаттарын бақылауға мүмкіндік береді.
Жоба Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Аңсаған Балтабековтің тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатыр.
Қазір "E-Qamqorlyq" жүйесі 5510 әскери бөлімінде сынақтан өтуде. Тиімділігі дәлелденсе, тәжірибені Ұлттық ұланның басқа да әскери бөлімдеріне енгізу жоспарланған.