Енді жауынгерлік дайындық бағдарламасына жаңа оқу бағыты – ұшқышсыз ұшу аппараттарының (ҰҰА) операторларын оқыту енгізілді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Бұл шақырылушыларға заманауи әскери-қолданбалы дағдыларды меңгеріп, сұранысқа ие мамандықты игеруге мүмкіндік береді.

Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-майор Аңсаған Балтабеков елордадағы 5573 әскери бөлімінде жаңартылған ҰҰА операторларын даярлау сыныбымен танысып, оның мүмкіндіктеріне жоғары баға берді.

Заманауи оқу сыныбы мерзімді әскери қызметшілерді оқытуға толық бейімделген. Мұнда сарбаздар дрондардың құрылымын, басқару ережелерін, техникалық қызмет көрсету тәртібін және тактикалық қолдану элементтерін меңгереді. Курс жауынгерлік есепті дайындауға бағытталған, оның құрамына есеп командирі, FPV-дрон операторы, оқ-дәрі жөніндегі маман және барлау операторы кіреді.
Оқыту жүйесі алдымен әрбір әскери қызметшіге өзінің мамандық бағыты бойынша жеке дайындықтан өтуге, кейін шынайы жағдайға барынша жақын топтық жаттығуларға қатысуға мүмкіндік береді.
"Қазіргі уақытта ҰҰА операторларын даярлау сапалық жаңа деңгейге көтеріліп жатыр. Мұнда практикалық оқытуға толық жағдай жасалған. Бізге дәл осындай жүйелі тәсіл қажет", деді генерал-майор Аңсаған Балтабеков.
Әскери бөлімдегі жұмыс барысын бағамдай отырып, Бас қолбасшы алдағы міндеттерді айқындады: материалдық-техникалық базаны одан әрі дамыту, жеке жөндеу шеберханасын құру, бірыңғай оқу бағдарламасын әзірлеу және жыл бойы оқу процесін жүргізуге арналған оқу қалашығын жобалау.
Бұл оқу сыныбын үлгі ретінде алып, дрон операторлары бөлімшелері құрылатын басқа әскери бөлімдерде де осындай орталықтар ашу ұсынылды.
Осындай оқу ортасының құрылуы ІІМ Ұлттық ұланының жауынгерлік әлеуетін арттыруға және әскери қызметшілерді заманауи бағыттар бойынша даярлауды дамытуға маңызды серпін береді.