Ұлттық ұланда кәсіби әскери қызметті таңдағандар саны артып келеді

249

700-ге жуық сарбаз Ұлттық ұлан қатарында қалуға шешім қабылдады.  

Ұлттық ұланда кәсіби әскери қызметті таңдағандар саны артып келеді Фото: ҚР Ұлттық ұланы Telegram

Қазақстан Ұлттық ұланында мерзімді әскери қызметін өтеген жастардың кәсіби әскери қызметті таңдауы артып келеді. Биыл 700-ге жуық сарбаз келісімшарт негізінде әскери қызметін жалғастыруға шешім қабылдаған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ұлттық ұланның мәліметінше, бұл жастардың әскери қызметке деген қызығушылығының және ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне жауапкершілікпен қарайтынының көрінісі. Мәселен, 5573 әскери бөлімінде қызмет еткен 100 сарбаз әскери саладағы тәжірибесін кәсіби деңгейде жалғастыруды жөн көрген.

Астанада өткен салтанатты шара барысында Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Аңсаған Балтабеков келісімшарт бойынша қызметке қалған сарбаздарды құттықтады. Кездесуде әскери қызметтің артықшылықтары мен болашақ мүмкіндіктері таныстырылды.

Сондай-ақ жас әскери қызметшілерге қызметтік баспананың кілттері табысталды. Бұл бастама әскери мамандарды әлеуметтік қолдауға және олардың қызметке деген ынтасын арттыруға бағытталған.

Алдағы уақытта келісімшартқа отырған сарбаздар түрлі жауапты лауазымдарға тағайындалып, әскери бөлімдердің қызметін жетілдіруге атсалысады.

Қазіргі таңда Ұлттық ұланның 7 мыңнан астамы еліміздің 21 қаласында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде. Бұдан бөлек, 2 мыңнан астам сарбаз стратегиялық маңызы бар нысандар мен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің қауіпсіздігін күзетіп жүр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу