Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұланында әскери бөлім командирлерінің қызметін бағалауға арналған жаңа цифрлық жүйе енгізілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Басшының рейтингтік платформасы" деп аталатын жүйе қызметтік-жауынгерлік қызметтің негізгі көрсеткіштерін автоматты түрде жинақтап, талдау жүргізіп, бөлімдердің рейтингін қалыптастырады.
Жаңа платформа Ұлттық ұланның ақпараттық порталында орналастырылған. Ол қызметтік-жауынгерлік және жауынгерлік дайындық, тәрбие жұмысы, техникалық және тылдық қамтамасыз ету, сондай-ақ мемлекеттік құпияларды қорғау деңгейі сияқты төрт негізгі бағыт бойынша бағалау жүргізеді.
Жүйенің басты артықшылықтарының бірі – қағаз құжат айналымын азайту. Бұрын түрлі дереккөздерден жиналған мәліметтер қолмен өңделсе, енді барлық ақпарат бірыңғай цифрлық кеңістікте шоғырландырылып, автоматты түрде талданады.
Платформа нақты уақыт режимінде әскери бөлімдердің қызметін бақылауға мүмкіндік береді. Командирлер жеке кабинеттері арқылы өз бөлімдерінің көрсеткіштерін қадағалай алады, ал басшылық құрам әскери бөлімдердің жай-күйі туралы объективті ақпарат алып, жедел басқарушылық шешімдер қабылдай алады.
Ұлттық ұланның мәліметінше, жаңа жүйе басқару үдерістерінің ашықтығын арттырып, әскери тәртіпті нығайтуға және әскерлерді басқару тиімділігін жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді.