Ұлттық ұланда жылжымалы асхана жабдықталды

237

Жылжымалы асхана әскери қызметшілерді далалық жағдайда тамақтандыруға мүмкіндік береді.

Ұлттық ұланда жылжымалы асхана жабдықталды Фото: ҚР Ұлттық ұланы телеграм

Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының "Орталық" өңірлік қолбасшылығына қарасты 6505 әскери бөлімінде IVECO шағын автобусының негізінде жылжымалы асхана жасақталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жаңа жоба әскери қызметшілерді далалық жағдайда және стационарлық асхана жоқ жерлерде ыстық тамақпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жылжымалы асхананы жабдықтау қажеттілігі еліміздің континенттік климатымен, әсіресе күзгі-қысқы кезеңдегі ауа райының қолайсыздығымен байланысты. Жоба әскери қызметшілердің қызметтік міндеттерін орындау кезінде қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Автокөліктің ішкі кеңістігі жеке құрамның күнделікті қажеттіліктеріне сай бейімделген. Алты адамға арналған мобильді асханада азық-түлікті сақтауға, дайын тағамдарды жылытуға және тамақтануды ұйымдастыруға қажетті жабдықтар орнатылған. Олардың қатарында алынбалы шкаф, микротолқынды пеш, электр шәйнек пен үстел бар.

Сондай-ақ санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтау мәселесіне ерекше көңіл бөлінген. Арнайы шкафта қол жууға арналған таза су мен пайдаланылған суды жинауға арналған екі контейнер қарастырылған. Электр құрылғылары инвертор арқылы қуат алады.

Жобаның басты ерекшелігі – көліктің бастапқы қызметтік мүмкіндіктерін сақтау. Барлық жабдықтар көліктің корпусын бұрғыламай және дәнекерлеу жұмыстарын жүргізбей, штаттық бекітпелерге орнатылған. Бұл жүк бөлімін толық пайдалануға, сондай-ақ азық-түлік пен қажетті құрал-жабдықтарды еркін тиеп-түсіруге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар асхана жабдықтарын қажет болған жағдайда тез бөлшектеп, көлікті бастапқы қалпына келтіруге болады. Алынбалы құрылымдар стандартты орындықтарды өндіруші белгілеген орындарға қайта орнатуға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта мамандар жаңа жобаның тиімділігі мен оны қызметтік міндеттерді орындау барысында пайдалану мүмкіндіктерін бағалап жатыр. Егер пилоттық жоба оң нәтиже көрсетсе, жылжымалы асханаларды Ұлттық ұланның басқа да әскери бөлімдерінде енгізу мәселесі қарастырылуы мүмкін.

Бұл бастама стационарлық инфрақұрылым болмаған жағдайда әскери қызметшілерді тамақтандыруды ұйымдастыру мүмкіндіктерін кеңейтіп, далалық жағдайда қызмет атқару сапасын арттыруға ықпал етеді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу