Ұлттық ұланның элиталық құрамына іріктеу басталды

78

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының ең беделді бөлімшелерінің бірі – Құрмет қарауыл ротасына күзгі шақырылым бойынша іріктеу науқаны басталды. 

Ұлттық ұланның элиталық құрамына іріктеу басталды Фото: ҚР Ұлттық ұланы

Жыл сайын мыңдаған жас Отан қорғаушы Ұлттық ұлан қатарын толықтыруды қаласа, олардың ішінен тек бір бөлігі ғана қатаң талаптарға сай келіп, элиталық ротаға қабылданады. Сол “жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпардың” бірі – қатардағы Данияр Бекжанов, оның қызмет жолы бүгінгі жас сарбаздарға үлгі болып отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Осы күзгі шақырылым аясында Ұлттық ұлан қатарын 7 мыңнан астам жас сарбаз толықтырмақ. Алайда Құрмет қарауыл ротасына тек ең жоғары талаптарға сәйкес келетіндері ғана қабылданады. Үміткерлердің бойы 180 сантиметрден төмен болмауы, дене бітімі келіскен, тәртіпті, психологиялық тұрғыдан тұрақты және саптық дайындығы мінсіз болуы қажет. Кезінде дәл осы қасиеттердің арқасында Данияр іріктеуден өтіп, мемлекеттік деңгейдегі іс-шараларда Ұлттық ұланның беделін айшықтатты.

Қатардағы Бекжановтың қызметі аяқталуға жақын. Рота қатарында ол тәртіп, ұқыптылық және психологиялық төзімділік мектебінен өтті. Кейіпкеріміз элиталық бөлімшеде қызмет ету сарбаздың тұлғалық дамуына және жауапкершілігінің артуына әсер ететінін растайды.

– Құрмет қарауыл ротасының сарбазы болу – үлкен мақтаныш. Әскери қызмет мені тәртіпке, мұқият болуға және төзімділікке үйретті. Мен физикалық және моральдық тұрғыда шыңдалдым, – деді Данияр Бекжанов.

Қызмет барысында Данияр Бекжанов Ұлттық ұланның маңызды іс-шараларында бой көрсетті. Соның ішінде Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған "Жеңіске 100 күн қалғанда", акциясына қатысып, ардагерлерді ұлықтауға, әскери бөлімдегі патриоттық және ерлік сабақтарын өткізуге, сондай-ақ қоғамдық орындарда өткен мерекелік шараларға белсенді атсалысты.

Айта кетейік, Құрмет қарауыл ротасы әскери шеруге қатысу, гүл қою рәсімдері, одан бөлек құқықтық тәртіп әскері қолбасшылығы қатысатын мемлекеттік деңгейдегі ресми іс-шараларда өз міндеттерін бұлжытпай орындап келеді. Сондықтан мұндағы даярлық көлемі аптасына 120 сағатқа дейін жетеді. Оның басым бөлігі саптық даярлыққа, қозғалыстардың үйлесімдігіне және саптық дефиледегі күрделі элементтерді пысықтауға арналады.

Күзгі әскерге шақыру науқаны биыл да жоғары бәсекелестік деңгейімен ерекшеленбек. Осы орайда, Құрмет қарауыл ротасы мінсіз саптық дайындықтың, тәртіптің және Отанға адалдықтың нышаны болып қала береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу