"Ұлы дала жорығы": Қызылорда командасы неге жарысты жалғастырмады?

Марафон-бәйгенің ұйымдастырылуын көпшілік жоғары бағалап отыр. Жоба жеңімпаздары кеше ғана Түркістан төрінде анықталғаны белгілі. 

"Ұлы дала жорығы": Қызылорда командасы неге жарысты жалғастырмады? Фото: joryq.kz

Он төрт күннің қорытындысы бойынша, Жетісу облысы командасы 93 сағат 47 минут 43 секундта мәре сызығынан өтіп, бас жүлдеге ие болды. 

Қызылорда облысы құрамасының жарыс жолынан неге шығып қалғанын сала мамандарынан inbusiness.kz тілшісі сұрап көрді. 

Қызылорда облыстық мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Жігер Айекешов биылғы қателік келесі жылға сабақ болатынын айтады. Сондай-ақ, ол "Ұлы дала жорығының" облыстық іріктеу жарысын өткізуді де жоспарлап отыр.

- Қызылорда облысының командасы мінген аттар Жезқазған қаласына жетер жолда сыр берді, ветеринарлық дәрігер жорыққа қатысуға рұқсат берсе де, атбегілер жарысты жалғастырудан бас тартты. Келер жылы жіберілген қателіктер назарға алынып, жұмыс жүргізіледі. Сонымен қатар, облыстық іріктеу жарыстарын қолға алу жоспарлануда, - деді ол.

Жалпы, Қызылорда облысының шабандоздары республика көлемінде жақсы жетістікке жетіп жүр. Мысалы, көкпардан 5 рет финалға шықса, аударыспақтан ел чемпионатында бірнеше рет жеңімпаз атанғандар кездеседі. Теңге ілу мен жамбы ату спортынан ел чемпиондары төбе көрсетті. Облыстық құрамада 18 спорт шебері, 100-ге тарта спорт шеберлігіне үміткер бар.

Қызылорда облысының ұлттық ат спорты түрлерінің (көкпар, аударыспақ, теңге ілу және ат үстінен садақ ату спорты) жетекшісі Сламхан Боранбаев аттың бағы мен бабы қатар жүретінін айтады. 

- Сын түзелмей, мін түзелмейді, ол рас. Алайда осы жылғы "Ұлы дала жорығы" Қазақсатн Республикасының төрт жылда бір өтетін ұлттық спорт түрлерінің фестивалімен қатар келгендіктен, арнайы дайындығымыз жетіңкіремей қалды. Командадан екі атымыз жарыс жолынан шығып қалғандықтан, қалған үш аттың екеуі жорықты жалғастыруға жарамсыз болғандықтан, команданы тоқтатуға мәжбүр болдық. Бірақ, қай кезде де аттың бабы мен бағы қатар жүреді, - дейді ол.

"Ұлы дала жорығында" қазақы жылқының төзімділігі байқалды. 1300 шақырымдық марафон-бәйге соны дәлелдеді. Дала төсін дүбірлеткен қазанаттардың тұяғы сақталғанына қуанған атсейістер бар. Ең бастысы, сол тұқымды көбейтудің іс-әрекетін жасау керек.

Марафоншылар 5-19 қыркүйек аралығында елордадан Түркістан қаласына дейінгі 14 сатыға бөлінген аралықты басып өтті. Еліміздің 19 өңірінен марафонға бір командадан қатысып, тарихи орындарға зиярат жасауға мүмкіндік туды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу