Ұлы Жеңістің 80 жылдығы: Президент мұрағат материалдарын мұқият зерттеуді тапсырды

411

Келесі жылы әлемде Ұлы Жеңістің 80 жылдығы кеңінен атап өтіледі.

Ұлы Жеңістің 80 жылдығы: Президент мұрағат материалдарын мұқият зерттеуді тапсырды

Айтулы датаны мерекелеуге дайындықты қазірден бастауымыз керек. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Ұлттық бірегейлігімізді нығайтумен қатар, ел қорғаған ерлердің есімін жадымызда жаңғырту да маңызды. Қазір көптеген мемлекетте өткен күннің елеулі оқиғаларына қатысты көзқарастар ақпараттық және саяси ойынның құралына айналып барады. Екінші дүниежүзілік соғыс ескі шежіреге айналған сайын тарихи және әскери тақырыптағы алып-қашпа аңыз әңгімелер көбейе түсті. Қазақстан әрқашан тарихи шындықтың және адамзат жылнамасындағы ең қанды қасап туралы шынайы көзқарастың сақталғанын қалайды", - деді Президент.

Тоқаев келесі жылы әлемде Ұлы Жеңістің 80 жылдығы кеңінен атап өтілетінін еске салды. 

"Ұлттық құрылтайдың мүшесі, Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин дұрыс айтты, айтулы датаны мерекелеуге дайындықты қазірден бастауымыз керек. Соңғы жылдары мемлекетіміз тарихи әділдікті қалпына келтіруге баса мән беріп отыр. "Төл шежіреміздің ақтаңдақ беттерін" ашу үшін жүйелі жұмыс жасалып жатыр. Өткенді саралап, оған шынайы баға берудің маңызы зор. Сол үшін мұрағат материалдарын мұқият зерттеу қажет. Осы орайда "Қазақстанның қаһарман майдангерлері" жобасын ерекше атап өткім келеді. Жобаға Қазақстанның Еңбек Ері, Мәжіліс депутаты, Ұлттық құрылтайдың мүшесі Бақтықожа Ізмұхамбетов жетекшілік етеді. Зерттеушілер бұл жұмыспен отыз жыл бойы табанды түрде айналысып келеді", - деп атап өтті Мемлекет басшысы. 

Президенттің дерегінше, осы кезеңде Қазақстаннан шыққан жауынгерлердің тағдыры мен ерлігі туралы 56 том еңбек жарық көрген. Оның 6 томы майдан шебінде болған әйелдерге арналған.

Айта кету керек, осыған дейін депутат Еділ Жаңбыршиннің Екінші дүниежүзілік соғыс туралы мұрағаттардағы құжаттар туралы айтқанын жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу