Ұлыбритания Украинаға әскер жіберуге дайын екенін хабарлады

Мұндай пікірді Британияның Премьер-министрі Кир Стармер айтып отыр. 

Ұлыбритания Украинаға әскер жіберуге дайын екенін хабарлады Фото: independent.co.uk

Саясаткер 16 ақпандағы Telegraph газетінде жарияланған мақаласында Украинаға әскер жіберуге қатысты пікірін білдірген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW агенттігіне сілтеме жасап.

Британ премьер-министрінің сөзінше, Лондон Украинаның қауіпсіздік кепілдіктерін қамтамасыз ету үшін жұмысты жеделдетуде жетекші рөл атқармақ. Осылайша, Ұлыбритания әскерін Украинаға бітімгерлік миссия аясында жіберуге дайын екенін мәлімдеді. 

– Бұл – Украинаның әскери күштеріне қосымша қолдау көрсету, ал Ұлыбритания бұл мақсатқа жыл сайын ең кемі 2030 жылға дейін үш миллиард фунт бөлді. Бұл Украинада біздің әскерлерімізді орналастыру арқылы қауіпсіздік кепілдіктеріне өз үлесімізді қосуға дайын екендігімізді білдіреді. Мен мұны жеңіл оймен айтпаймын. Мен британ әскерилерінің қауіп-қатерге ұшырауы жауапкершілігін өте қатты сезінемін. Бірақ, Украина қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі кез келген рөл біздің континентіміздің және осы елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектеседі, – деді Стармер.

Оның айтуынша, бұл – тек Украина болашағының мәселесі ғана емес, бүкіл Еуропаның экзистенциалды мәселесі.

Стармер Украинадағы тұрақты бейбітшілікті қамтамасыз ету Ресей президенті Владимир Путинді болашақтағы агрессиядан тоқтату үшін екенін жеткізген. 

Ол "АҚШ қана Путинді тоқтата алады" деген пікірін айтып, жақын күндері Дональд Трамппен кездесуді жоспарлап отырғанын мәлімдеген. Бұл мәселені 17 ақпанда Парижде өтетін Украина мәселесіне арналған шұғыл саммитте көтеретінін айтты. Айтпақшы, Франция астанасындағы шұғыл саммитке НАТО бас хатшысы Марк Рютте де қатысуды жоспарлап отыр. 

– Мен Парижге нақты хабарламамен барамын, бұл біздің еуропалық достарымызға арналған. Біз өзіміздің қорғанысымызға шынайы көңіл бөлуіміз керек және өз жүктемемізді көтеруіміз қажет. Біз бұны ұзақ уақыт бойы талқыладық, – деді Британ премьер-министрі. 

Кир Стармер НАТО-ға мүше еуропалық елдерді қорғаныс шығындарын арттыруға және Мәскеуге қатысты санкцияларды күшейтуге, соның ішінде мұнай экспорты және санкцияларды айналып өтетін Ресей банктеріне қатысты шаралар қабылдауға шақырған. 
Жексенбіде АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Украина мен Еуропа Мәскеудің соғысын тоқтату үшін кез келген нақты келіссөздерге қатысатындығын айтқан-ды. Аталған қадам саясаткерлер арасында "Бұл – Путиннің бейбітшілікке деген шын ниетін анықтауға мүмкіндік беретін келіссөз" деп бағаланып отыр. 

Еске салайық, АҚШ пен Ресей өкілдері Сауд Арабиясында бірнеше күннен кейін Ресейдің

Украинадағы үш жылға жуық созылған соғысын тоқтату мақсатында кездеседі деп күтіліп отыр. 

Inbusiness.kz сайты бұған дейін "Германия соңына дейін Украина жағында қала береді" деген тақырыпта мақала жариялаған еді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу