Бұл туралы Мюнхен қауіпсіздік конференциясы басталарда айтылды.
"Украиналықтар мен еуропалықтарды аттап өтіп, орнатылған жалған бейбітшілік ешқандай пайда әкелмейді. Мұндай келісім Украина халқы үшін де, Еуропа мен АҚШ үшін де тұрақты қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмайды", – дейді Анналена Бербок.
Аталған мәлімдеме Президент Дональд Трамптың Владимир Путинге қоңырау шалып, бейбіт келіссөздердің басталғанын жариялағаннан кейін жасалып отыр.
Анналена Бербок Мюнхендегі саяси лидерлердің, әскери офицерлердің және дипломаттардың жыл сайынғы халықаралық жиынында АҚШ пен оның халықаралық серіктестерін қарқынды келіссөздер жүргізуге шақырды.
"Бейбітшілік тек күшпен ғана келеді. Украинаға ұзақ мерзімді қауіпсіздік кепілдігі, мықты НАТО және Еуропалық Одаққа кіру жолындағы келіссөздерде прогресс қажет", – деді Германияның бас дипломаты тағы бір сөзінде.
Германия Қорғаныс министрі Борис Писториус болса, Трамптың Ресей-Украина соғысын тоқтату жөніндегі келіссөздер алдында Украинаны НАТО-ға қабылдамау және оның жерін Ресейге беру туралы ойлау "қателік" деп атады.
АҚШ Ресейге қарсы санкцияны күшейтіп, тіпті әскери шара қолдануы мүмкін
АҚШ-тың вице-президенті Джей Ди Вэнс Мюнхен қауіпсіздік конференциясы қарсаңында Ресейге қатаң ескерту жасады.
Оның мәлімдеуінше, Мәскеу Украинамен жақсы бітімге келмейтін болса, қатаң санкцияларға алынуы мүмкін.
"Біз, әрине, Украина-Ресей соғысы мен оны келіссөздер арқылы реттеу туралы сөйлесетін боламыз", – деді ол конференция қарсаңында НАТО Бас хатшысы Марк Рюттемен кездесейін деп тұрып.
Джей Ди Вэнстің сөзінше, егер Путин Киевтің ұзақ мерзімді тәуелсіздігіне кепілдік беретін бітімгершілік келісімінен бас тартатын болса, АҚШ Мәскеуге санкциялар салып, тіпті әскери әрекетке де баруы мүмкін.
"Ықпал етудің экономикалық рычагтары бар, әрине, әскери тетіктерден де кенде емеспіз", – дейді Вэнс Wall Street Journal газетінің тілшісіне берген сұхбатында.