Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мейрамында Алматыда 60 тонна көже мен бауырсақ таратылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биыл күн мен түннің теңелу мерекесінде әркімнің-ақ қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татуына болады. Баршаға дәстүрлі мерекелік тағамдар – көже мен бауырсақ таратылады.
Наурыз мерекесінде қала тұрғындарын дәмді көжемен тойдыруға Алматы қаласының пәтер иелері коперативтері де атсалысатын болды. Мереке 22 наурыздан бастап, тура бір айға, 21сәуірге дейін жалғасады. Жоспар бойынша 60 тонна көже мен бауырсақ таратылады.
Ұлттық дастарханнан бөлек қаланың жеті ірі аймағында халық серуендері өтеді. Онда келушілер ұлттық дала асханасының өзге де тағамдарынан дәм тата алады, Алматының 40 мейрамханасы өздерінің үздік фирмалық тағамдарын ұсынатын көше бұрыштарын ұйымдастырады.
Айта кетсек, мерекелік күндер наурыздың 21-нен 24-не дейін жалғасып, ашық аспан астында фестиваль үлгісінде өтеді.
Еске сала кетейік, халық серуендері қаланың 7 жерінде қатар өтеді:
22,23 - Астана алаңында;
21-24 - Панфилов, Жібек жолы көшелерінде;
22 - "Halyk Arena" Мұз сарайында;
22 наурызда - "Алматы Арена" Мұз кешенінде;
22 наурызда - "Атакент" ҚІЫО;
23 наурызда - "Сұңқар" Халықаралық трамплиндер кешенінде.